Жаңалықтар

Онлайн оқытудың тиімді тәсілдері

Қарағандыдағы Достық үйінде облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыстың тілдерді оқыту орталығы бірлесіп, «Онлайн режим мүмкіндігін пайдалана отырып оқытушылардың біліктілігін арттыру» атты семинар өткізді. Шараға аймақтағы тіл орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары және жоғары оқу орындарының ұстаздары қатысты.

Мақсат – онлайн жүйеде сабақ берудің әдіс-тәсілдерімен таныстыруға, тіл оқытуда мультимедиялық технологияларды тиімді қолданудың әдіс-тәсілдерін игертуге бағытталған.

  • Бұл семинар облыс аумағындағы қазақ тілі оқытушыларына жаңа технологияларды оңтайлы қолдану арқылы мемлекеттік тілді игертудің тиімді жолдарын жұмыс барысында қолданысқа енгізуге септігін тигізері сөзсіз. Бізде орталық база бар. Үнемі жаңартып отырамыз. Ұстаздар да кіріп, өз материалдарын енгізіп, толықтыра алады. Онда қарапайым деңгейден, күрделі деңгейге дейінгі әр саланың материалдары модульдерге бөлініп орналастырылған. Техника дәуірінде мұндай шаралардың оқытушыларға берері мол, – дейді облыстың тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.

Семинар өте тартымды, жинақы өтті. Қатысушылармен сұрақ-жауап түрінде өрбіген шараға ұйымдастырушылардың тыңғылықты дайындалғандары көрініп-ақ тұр.

Алмагүл Игенова «Мемлекеттік тілді қашықтықтан оқытудың тиімді жолдары», «Онлайн оқыту барысында виртуалды тақталарды пайдаланудың тиімділігі: Idro, RealTimeBoard тақталары», орталық әдіскері Динара Қуанбаева «Quizlet бағдарламасы – лексикалық минимумды игертудің заманауи тәсілі», орталық оқытушысы Лаура Омашева «STEAM жүйесі бойынша мультимедиялық технологияларды қолдану: мүмкіндігі мен артықшылықтары: Socrative, Playposit, Tinglink бағдарламалары» тақырыптарында практикалық сабақтар арқылы тәжірибелерімен бөлісті.

Мәселен, Лаура Омашеваның STEAM жүйесінде Socrative, Playposit, Tinglink бағдарламалары бойынша сабақ өткізудің жолдары айтылды.

Socrative бағдарламасы арқылы оқушы қашықтықтан тесттермен, түрлі бақылаулармен жұмыс істей алады. Ғаламторды тиімді пайдаланып, қысқа уақытта өз білімін толықтыру мүмкіндігіне ие.

Ал, Playposit бағдарламасы арқылы бейнежазбамен жұмыс істеуге болады. Ұлттық тағамдар туралы сабақты таңдап, шыққан суреттің кез-келгенін батырмамен басса, сол тағам туралы бейнежазба ашылады. Бұл – өте қызықты әрі пайдалы.

Tinglink бағдарламасы арқылы оқушы бейнежазбаны қарап, мұқият тыңдап отырады. Кенет бейнежазба тоқтап, бөлімде айтылған ақпаратқа қатысты сұрақтар қойылады. Оқушы дұрысын таңдайды. Бірнеше рет осылай қайталанып, соңында дұрыс жауаптар экранға шығады. Осылайша оқушы бейнежазбаны қаншалықты зер салып қарағанын біле алады және оның қажет жерін қиып сақтап алу мүмкіндігі қарастырылған.

Семинар қорытындысында барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button