Он медаль олжалады
Облыстың ауылдық мектептерінің оқушылары жаратылыстану-математикалық бағытында II Республикалық олимпиадада 10 медаль және төрт грамота олжалады. Білім алушылар математика, физика, биология, география және информатика бойынша білімділік танытты.
Барлық турдың қорытындысы бойынша биология бағытынан Бұқар жырау ауданынан қатысқан Камила Төлеуханова алтын медаль иеленді.
Ал, математика және физика пәндерінен күміс медальды Шет ауданынан келген Асылжан Қойқатов пен Ерасыл Игілік жеңіп алды.
Шет ауданының білімпаздары Батырхан Алпысбай мен Айбибі Мұсахметованың қоржынында да математикадан қола медаль бар. Осакаров ауданынан қатысқан Константин Калашников пен Максим Сафин, Абай ауданынан Юлия Пилипенкода да информатика бойынша дәл осындай марапат бар.
Физика пәнінен Шет ауданынан Ислам Құрманбайға, география бойынша Нұра ауданынан Ернар Нұрмұхаметке қола жүлде бұйырды.
Олимпиадада жалпы 221 қазақстандық оқушы жүлделі орынға ие болғанын айта кеткен жөн.
Өз тілшімізден.