Білім

Ольга Тим: «Ұстазын сыйлаған ұрпақтың болашағы жарқын»

Тіл білгенге төрден орын беретін халықпыз. Ұлты неміс Ольга Тимнің қазақ тілін өзі біліп қана қоймай, өзгеге үйретіп жүргені көпке үлгі. Күні кеше өткен «Тіл жанашырлары» байқауында «Тіл білгірі» номинациясының жүлдегері атанған еді. Ұстаздар күнінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілі, Қ.Сәтбаев атындағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ольга Тиммен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

– Ольга Германовна, қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

– Мен Осакаров ауданы, Богучар ауылы, қазіргі Шұңқыркөл ауылында дүниеге келдім. Біздің көшемізде қазақтар тұрды. Тілге деген қызығушылығым сол бала кезде қалыптасты. Кез келген тілді үйрену үшін, әрине, орта керек. Қазақ балаларының ортасында ойнап өскен мен бала кезден қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алдым. Тіл білетініме таңырқай қарайтындар бар. «Қалай, қайдан үйрендіңіз?» деп сұрайды. Қазақстанда тұрып жатқан соң әр азамат мемлекеттік тілді білуі керек деп есептеймін. Өмірлік жолдасымның ұлты – қазақ, өз ұлтым – неміс. Біз үйде қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанамыз, Наурыз көже дайындап, бауырсақ, шелпек пісіреміз. Ең керемет әдет-ғұрыптың бірі – бала дүниеге келгенде жасалатын рәсімдер: қырқынан шығару, тұсауын кесу, сүндеттойын өткізу, т.б. Біздің әулет те көп ұлтты. Қазір балаларым қазақ халқының да, неміс халқының да әдет-ғұрыптарын біліп, өсіп келеді.Тіл білетініме әлі де таңыр­қай қарайтындар бар.

– Қазір мектепте қазақ тілін оқытып жүрсіз. Ұстаздық жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

– 5-сыныптан бастап, мұғалім боламын деп өзіме мақсат қойдым. Мектепте қазақ тілі пәні – ең сүйікті пәнім болды. Мектеп бітірген соң алдымда түрлі таңдаулар болды. Бірақ, мен жаныма жақын мамандық – қазақ тілі пәнінің мұғалімі боламын деп шештім. Сөйтіп, «Болашақ» академиясына оқуға түстім. Мұғалім болу – оңай іс емес. Десе де, алғашқыда пәнді оқыту мен үшін аса қиынға түспеді. Өйткені, қазақ тілін білу деңгейім тілдік ортаның арқасында әбден жетілген болатын. Алғашқы еңбек жолым ауыл мектебінен басталды. Қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы гимназияда ұстаздық қызмет етемін.

– Сіздіңше, ұстаз бен оқушының қарым-қатынасы қандай болуы керек?

– Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас бір-бірімен байланысып, сабақтасып жатуы керек. Сол сабақтастық екі тарапты да алға жетелейді. Оқушылар ұстаздан үлгі-өнеге алады. Оқушыларым менен өзіне керегін сұрағанда, ешқайсысын жауапсыз қалдырмаймын. Мұғалім мен шәкірттің арасында сыйластық болуы керек. Ал ұстазын сыйлаған ұрпақтың болашағы жарқын болмақ.

– Достық үйінде қазақ тілін үйрететін «Мәміле» тілдесу клубының жетекшісісіз. Мемлекеттік тілді меңгеруде этнос өкілдерінің белсенділігі, қызығушылығы қалай?

– «Мәміле» қазақ тілі тілдесу клубы 2019 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда клубта 38 адам қазақ тілін оқып жүр. Әртүрлі мамандық иелерінің тіл үйренуге ынтасы зор. Олардың арасында балабақша тәрбиешілері, мұғалімдер, актерлер, зейнеткерлер, журналистер, т.б. бар. Олардың ұлты да әртүрлі. Клуб жұмысы қазақ халқының тарихы және мәдени мұрасын, әдет-ғұрып-дәстүрлерін, менталитеті мен қазақ халқының өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді меңгертуді көздейді, бұл тілді меңгеріп қана қоймай, сонымен бірге, қоғамда жеке және әлеуметтік деңгейде өзара түсіністік пен келісім орнатуға септігін тигізеді.
Қазақ тілін үйренгісі келетіндер саны күн сайын артып келе жатқаны қуантады. Достық үйінде орналасқан «Мәміле» қазақ тілі тілдесу клубының есігі әрдайым ашық.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button