Тарих

“Ол аштықтың көзі болатын…”

… 1932 жылы Қазақстан сұмдық аштықтың құрсауында қалды. Мүсірепов төрт жолдасымен бірге өлкелік комитетке хат жазды. Онда ұжымдастырудағы асыра сілтеушілік туралы айтылды. Бірақ олардың бәрін «ұлтшылсыңдар» деп айыптады. «Біз, – деді Ғабең, – біткен жеріміз осы деп ойладық. Олар үшін, қолына қанды қылыш ұстаған баскесер үшін, біздің өміріміз не тұрады…

Сол жылы қыс ерте түскен болатын, Алматыны қазан айының өзінде-ақ қар басып қалған. Мүсіреповті өлкелік комитетке шақырды.

«Несі бар, егер сен өзіңнің халқың үшін осынша алаңдайтын болсаң, Торғайға барып қайт, – деп оған Голощекин мысқылдай қарады. – Онда ешқандай аштықтың жоқ екенін өз көзіңмен көресің».

Мүсірепов жолға шықты. Қостанайға жетті. Онда ақырған қыс екен. Атқару комитетіне келді. Оның төрағасы Қазақстанға өз еркінен тыс келген адам екен. «Е-е, – дейді ол, – сіздер де мен сияқты жер аударылғандар екенсіздер ғой. Сіздерді мұнда қай Құдай айдап келген? Елсіз дала, толассыз боран, ал Батпаққараға дейін мың жарым шақырым, үсіп қаласыздар. Не сіздерді жеп қояды». Осы сөздердің бәрін ол еш қалжыңсыз, байыппен айтқаны көрініп тұрды.

… Әулиекөл ауданынан өткеннен кейін боран басталды. Ұйтқып соққан қар ұшқындары күннің көзін жауып, жолды бітеп тастады. Жүргіншілер жолдың жүлгесінен адасып, аттар тұрып қалады. Кенет Мүсіреповтің көзіне әлдене шалынғандай болады: анандай жердегі күртік қардың арасынан бірдеңе қараңдайды, бейнебір сексеуілдің қисық бұтағы секілді. Ол шанадан ырғып түсіп әлгінің қасына барады. Қар астында адам өліктері жатты.

… Олар күртік қардан шығып, өлілер салған жолмен жүріп отырды. Алда – қаңырап бос қалған ауылдар. Жергілікті жол бастаушы бұл қоныстардың нөмірлерін айтып келеді.: – олар бір-бірінен тек нөмірімен ғана ажыратылады: ешбірінде жан баласы қалмаған. Жолаушылар қазақтың көзіне тосын көрінетін киіз үй қалашығына ат басын тіреді.

… Мүсіреповті әсіресе іші-сыртының сән-салтанаты келіскен алты қанатты киіз үй таңғалдырды. Үй жасаулары – ашық түсті жібек көрпелере мен атылас жастықтар, бетін әсем өрнектермен әшекейлеген түкті кілемдер көздің жауын алады. Орта тұсында тең болып жиналған жүк тұр. Бейне бір үй иелері әлгінде ғана сәл уақытқа шығып кеткендей, әне-міне қайтадан кіріп келетін секілді.

… Бәрі жан-жақтан қарап жүр – ал мына бір тұстағы киімдер жиналған жүк өзгеше бір күркеге ұқсайды. Ортасында кішкене тесік бар… Әлдебір бейтаныс та үрейлі әлемге ашылған қараңғы терезеге ұқсайды. Кенеттен араларындағы екеуі қаруланған төрт еркек бір мезетте әлденеден секем алып селт етті. Денелері түршігіп, үрке қарап сәл тұрды да, есікке қарай ентелей беттеді. Тұра беруге дәттері шыдамай, далаға атып-атып шықты. Ғабит Мүсірепов ең соңында қалды. Табалдырықта сәл кідіріп, арт жағына қарады: үстіне киімдерді үйіп тастаған шағын жүк теңнің ішінде біреу бар секілді.

… Аяқтарын күртік қардан әрең-әрең суырып, олар шанаға беттеді. Кенет көкейін түрткілеген беймәлім түйсікпен қарсыласуға бойынан күш таппаған Мүсірепов өздері әлгінде ғана кіріп шыққан, ақ киізбен жабылған еңселі үлкен үйге қарай бұрылды. Жолдастары да соңынан ерді.

«Ойбай, мұнда біреудің ізі жатыр!» – деп ышқына дауыстады біреуі.

Олар қар бетіндегі беймәлім ізге үңіліп, үймелесіп қалды. Із мүлде жаңа еді.

«Бұл не? Қарасақ па? Түлкі ме?»

«Жоқ, ұқсамайды! Сірә… Әй, бірақ болуы мүмкін емес!..»

Жігіттер із қуалап жүріп отырып киіз үйден бір-ақ шықты. Есікті айқара ашты.

Күтпеген жерден иесіз үйдің ішінен ыңырсыған ащы дыбыс естілді. Бәрінің жотасы мұздап қоя берді. Әлде иттің қыңсылы ма немесе мысықтың зарлағаны ма – айырып болмайды және осының бәрі қандай бір қорсылмен қатар естіледі.

Жүк жиналған теңнің қуықтай ғана тесігінен әлдебір кіп-кішкене тірі жан атып шықты да, адамдарға тұра ұмтылды. Ол қанға малшынған еді. Қансүңгі болып қатып қалған ұзын шаштары мүйізге ұқсап, жан-жағына сорая шығып тұр, аяқтары бейнебір қарғаның сирақтары сияқты қап-қара, шидей. Көздері ойсыз, бетіне қатып қалған қанның үсті жаңадан аққан қан тамшыларымен әлеміштенген. Тістері ақсиып, аузынан қызыл көпіршік ағып тұр.

Төртеуі бірдей қорыққаннан естері шығып, есікке қарай секіре қашты. Сыртқа шығып, артқа бұрылғанда әлгі құбыжықтың қарасы да көрінбеді, ғайып болса керек.

Бұл сонда не болды?» – деді Ғабит қырылдай сөйлеп, жолдастарына қарап. Қорқыныштан әлі де селкілдеп тұрған олар үндемеді. Тек кейін, Қостанайға барған соң жолсеріктерінің бірі Ғабекеңе мынаны айтты:

–         Сіз, бәлкім, оны жын деп ойлап қалған шығарсыз? Жоқ, жын емес. Мен байқап қалдым, анық байқадым. Ол – адам. Сәби. Қазақтың жеті-сегіз жасар қызы…

–         Жоқ! Жоқ! – Мүсірепов ышқына айғай салды. Оның үнінен жан дүниесінің алапат жарылысындай, айтып жеткізгісіз долы, сонымен бір уақытта шарасыздықтың дәрменсіз ашуы бұрқ етті.

– Ол – аштық! Ол аштықтың көзі болатын! Қарғыс атқыр аштықтың дәл өзінің…»

(«Ғаламат жұт шежіресі», 9-14 беттер) 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button