Бас тақырып

Ой + Іс еркіндігі = Тың идея

Кез келген мемлекеттің құдыреттілігі оның алтын қорына байланысты. Экономикалық тоқырауға шыдамды, қай кезде де құнын сақтайды бұл металл. Алтын қор өз алдына, өзгелердің алдындағы құдыреттілік бәсекеге қабілеттілікпен де тікелей байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті таныту кешегінің емес, бүгінгінің еншісінде. Бүгінгінің келбетін анықтайтындар – тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп, бостандықта, жаңа саяси стандарттарды, көзқарастарды бекіту жағдайында өскен жас ұрпақ.

Өткен буынмен салыстырғанда қазіргі жастардың құндылықтары да өзгерген. Кеңестік жастар мен тәуелсіздік жылдарында дүниеге келгендердің дүниетанымы жер мен көктей. Коммунистік тәрбиенің қуатты жүйесін көрген жастардың ең басты құндылығы – коммунизмге адалдық, таптық күрес, бейбітшілік үшін күрес болуы заңды болса керек. Бірақ, 1971-1982 жылдары жүргізілген әлеуметтік зерттеулер осы кезеңде жастар ең алдымен бірінші және екінші орында жұмыс пен отбасы бақытын негізгі құндылық деп санағанын көрсеткен дейді деректер. Үшінші және төртінші орынға адамзатқа пайда әкелу мен өзгелердің өзіне деген құрметі болса, материалдық байлық – бесінші орында. Әрі қарай, маңыздылығы бойынша, өзің қызыққан дүниемен айналысу, дүниетанымыңды кеңейту болып кете береді екен.

Қазіргі жастардың өміріндегі басты басымдықтар – табысты мансап, отбасы, достық қарым-қатынас, пайдалы байланыстар, шығармашылық тұрғыда өзін таныту болып кете береді. Бірақ, кеңестік жастармен, яғни, қазіргі аға буынмен салыстырғанда олардың ең басты артықшылықтары – ой еркіндігі.

Бұрынғы мектеп оқушысы үшін ең басты құндылық әрі міндет – сабақты беске оқу, күн сайын партада «смирно» отырып, қолын көтеріп, сабақ айту болатын. Сабақ айтып, бес алсаң – жақсысың, бір күні ойнап кетіп, болмаса, ұйықтап қалып, сабақ айта алмай қалсаң – мектептің қабырға газетінде карикатураң тұратынының кепілі. Жанталасып, жылап-еңіреп, қалай болғанда да өзгелермен жарысып, сабақ айтуың керек. Бұл жерде баланың мінез-құлқы, ерекшелігі, темпераментінің қандай екеніне басын ауыртқан ешкім жоқ. Бастысы – коммунизм идеясымен мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түссе болғаны. Мамандық таңдауда ше? Ол да баланың еркінде емес. Ата-ананың бір кезде орындалмай қалған арманын баласы жүзеге асыруы үшін, қаласа да, қаламаса да көңілі қаламаған мамандыққа келіп түседі. Бұл жерде де жақсы оқиды, тіпті, қызыл диплом алуы да мүмкін. Жұмыссыз да қалмайды. Бірақ, балғын балалық шақтың ұзақты түндерінде ойға беріліп, болашағын елестеткен арман-қиялының барлығы жайына қалады.

Содан, «үздік оқушы синдромы» қалыптасып, өмір бойы қыр соңынан қалмайды. Айтқанға кө нетін, айдағанға жүретін, өзіндік пікіріден ада, басқаруға қолайлы. Ал, өзіндік пікірі болмағаннан өнімді жұмыс жасайтын қызметкердің де шыға қоюы неғайбыл. Бәрі емес, әрине, көпшілігі. Басып-жаншып, бас көтертпеген кеңестік идеология үшін бұл қолайлы болды да. Коммунизм үшін ұрандағандардың балалары да осы психологияда тәрбиеленді. Ал, 90 жылдардан кейінгілер мүлдем бөлек. «Қазіргі жастар алдыңғы буынға қарағанда ауқымды ойланады, яғни, қазақ тілінен бөлек, ағылшын, орыс тілдерінде де ойлана береді. Тіл білгендіктен, ақпаратты да кез-келген тілде алып, пайдаланады» дейді химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологы Мейрамгүл Түсіпова. Маманның айтуынша еркіндікте өсіп, ойын еркін жеткізе алатын ұрпақ тың идеяларды дүниеге әкеле алады екен.

Мейрамгүл ТҮСІПОВА, химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» педагог-психологы:

Қазіргі жастардың ерекшелігі – ойын ашық айтып, қалауын жүзеге асыра алатындығында. Егер үлкендер жағы дәстүрге, менталитетке қарап, тартыншақтайтын болса, жастардың алдында еш кедергі жоқ. Бұл – адамның өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Білімді, тілді меңгерген ұрпақ кез-келген проблеманы шешудің бұрын болмаған жаңа жолдарын ойлап тауып жатса, несі айып?!

Бірақ, кез-келген дүниенің екі жағы болатыны тәрізді, ашықтықтың да кері тұстары бар екенін айтады Мейрамгүл Түсіпова. Мысалы, адамның кез-келген әрекетіне сын көзбен қарамау, салдарын ойламастан қауіп-қатермен бетпе-бет келуі жастардың өзіне де, қоғамға да зиянын тигізуі мүмкін.

Заманына қарай – адамы. Ел болашағының бағасын көтеріп, байрағын ұстайтындар осы жастар. Жаһандануға кірігеміз, бәсекеге қабілетті боламыз десек, бұлар да керек қасиеттер. Оның үстіне, қай заманада да үлкендер жағы «Қазіргі жастар мүлдем бөлек, біздің заманымыз басқа еді…» деп көңілі толмай отырмайтын ба еді?!

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button