Облыста ҰБТ басталады

Ертең облыс түлектері Ұлттық біріңғай тестілеу сынағын тапсырады. Тестілеу 24 маусымға дейін жалғасады.

Жалпы, облыстағы ҰБТ үш кезең бойынша (21, 23 және 24 маусым) өтеді. Тестілеуге 5 815 талапкер қатысады. Осы мақсатта емтихан өтетін 15 алаң дайындалды. Олардың бесеуі ЖОО базасында орналасса, 10-ы – жалпы білім беру мектептерінде.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап ҰБТ тапсырудың форматы өзгертілген болатын. Жаңа талап бойынша барлық түлектер мектептерінде емтихан (қорытынды аттестация), тестілеуді Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу мақсатында ғана тапсыратын болды. Егер, мектеп түлегі ЖОО-ға түспейтін болса немесе шет елдік ЖОО-ға түскісі келсе, ҰБТ тапсырмауына болады. Өткен жылғыдай, биыл да сынақтан өтпей қалғандар, ЖОО-ға ақылы түрде оқуға түсуі үшін 2018 жылдың тамызында немесе 2019 жылдың қаңтарында тестілеуді қайта тапсыра алады.

Сондай-ақ, 20-шы маусымнан 1-ші шілдеге дейінгі аралықта өтетін ҰБТ және кешендік тест тапсыру механизмі бұрынғы қалпында қалды. Жоғары оқу орындарына түсушілер тестіні 3 міндетті және 2 салалық пән бойынша тапсырады. Барлығы –120 сұрақ. Тестіден өтуге берілетін жалпы уақыт 3 сағат 50 минутты (230 минут) құрайды. Максималды ұпай – 140, ал, өту ұпайы –50.

Айта кеткен жөн, ҰБТ өтетін орындар бейнекамералармен, мобильді байланысты басқыштармен, аркалық және қолмен ұстайтын металл іздегіштермен жабдықталған. Өткен жылдардағыдай күту залдарында мониторларда ҰБТ өту барысының тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады. Барлық жерлерде 3G, 4G, WI-FI байланыстарын басатын, жаңа модификациялы мобильдік байланыс басқыштары бар.

Сондай-ақ, тестілеу өткізілетін жерден 50 шақырымнан ұзақ қашықтықта тұратын түлектер үшін көлік қарастырылған. Түлектер жатын орынмен, тамақтанумен, көлікпен жеткізумен қамтамасыз етіледі. Бұған жергілікті бюджеттерден 8,1 млн теңге бөлініп отыр.

Оған қоса, барлық аудандар мен қалаларда ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізуге көмек көрсету үшін комиссиялар құрылды. Түлектер мен олардың ата-аналарының шағымдары мен өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында үйлестіру және өткізу бойынша облыстық штаб жұмыс істейтін болады.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.