Білім

Облыс намысын қорғайды

Қарағанды облысында «WorldSkills Karaganda – 2023» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір айға созылған жарыс 17 колледж алаңында өтіп, студенттер 45 мамандық бойынша бақ сынады. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталды.

Жыл сайын чемпионатқа қатысушылар мен құзыреттер саны артып келеді. Биыл Қарағанды облысы колледждерінің 277 студенті өз шеберлігін танытты. Байқау кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, сантехника және жылыту, кескіндеме және сәндік жұмыстар, бизнеске арналған IT-шешімдер, ЧПУ станоктарында токарлық жұмыстар, CAD инженерлік графикасы, прототиптеу, мехатроника және басқа да мамандықтар бойынша өтті. Чемпионатқа 100-ден астам әлеуметтік серіктес пен жұмыс беруші қатысты.

«CAD инженерлік графикасы» бағыты бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің үшінші курс студенті Павел Катков чемпионат жеңімпазы атанып, алтын медаль алды. Ол «Есептеу және бағдарламалау» мамандығы бойынша оқиды.

– Осы құзырет бойынша тек алты студент қатысты. Негізгі міндеттер бөлшектер мен механизмдердің 2D сызбаларын дұрыс оқып, содан кейін осы сызбалар негізінде 3D моделін құрастыру, содан кейін осы бөлшектердің барлық құрамдас элементтерінің қозғалыс анимациясын жасау болды. Дайындық барысында меңгерген дағдылар маған көп көмегін тигізді. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазір мен республикалық жарысқа қарқынды дайындалып жатырмын. Бір айдан кейін Астанада өтетін чемпионатта Қарағанды облысының атынан қатысамын, – дейді Павел Катков.

Чемпионат қорытындысы бойынша 129 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Бірінші орын иегері болған 26 студент «WorldSkills Kazakhstan – 2023» республикалық чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button