Оқырман мен кітап

Оқырманды кейіпкер тәрбиелейді. Өмірдегі жалаң шындықтан көрі, алды-артынан әңгіме, аңыз бораған әдебиеттегі көркем шындықтың кейіпкерінен асқан тұлғаны көрмедім. Әрі-беріден соң, кейіпкерсіз автор да, әдебиет те жоқ. Кейіпкер болғанда, қандай?! Осындағы әдеби ортаға кеңінен танымал Азамат ШОҚШИН! ҚарМУ-дың 8 корпусы – филология факультетінің кеңейтілген залында өткен «Кейіпкерлер мен авторлар» кеші бұрын-соңды болмаған жаңалық еді.

Сізді қайдам, біз кейіпкердің кеші дегенді естімеппіз бұрын. Идея авторы – Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Сағынтай есімін атаған жөн әуелі. Автордың «Жарты қап кітап» әңгімесінің қаһарманы – Граждан Шақшабаласын білетін шығарсыз, оқысаңыз. Қарағанды керуенсарайында өнер адамдарын күтіп алып, шығарып салып, мұқтаж жандардың жолын жасап жүрер еді. Сол Азкеңнің соқа басы бұдан да бөлек бірнеше өлең, әңгімелерге жүк болғанын кім біліпті?!

Бірнеше өлең, әңгімелерге жүк болғанын кім біліпті?! Берісі – Қарағанды, әрісі – Алматы мен Астананың біраз қаламгерлерінің кейіпкері Азамат Шоқшиннің «Кейіпкерлер мен авторлар» атты шағын жинағының тұсауын Серік Ақсұңқарұлы кесті осы кеште. «Расул Ғамзатов ақындарды екіге бөледі. Жазатын және жазбайтын ақындар. Біз таныған Азамат – жазбайтын ақын. Аты қандай болса, заты да сондай – Азамат! Мен аса жоғары бағалайтын ақын Өтежан Нұрғалиев «ақын-жазушы көрсем, жүйкем ауырады» дейтін. Қазір сол кепке өзім де ұшырадым. Халтурщик болып қалам ұстап, елдің миын ашытқаннан, осылай жазбай жүріп ақындық ғұмыр кешкен мың есе артық.

Бұл жерде тағы бір айта кететін керемет – Фариза Оңғарсынова апай о дүниелік болғанда, Азамат пойызға билеттерді өзі алып, қарағандылық ақын-жазушылар топырақ салып қайтқаны әлі есімде. Сонысының өзі үлкен кісілік қой!» деді Серік Ақсұңқарұлы.

«Граждан, Тәңірі жаныңа құйған жарық нұр,

Халықсыз – Ақын, Ақынсыз осы Халық – тұл.

Қолыңмен сенің Алаш кеп бүгін аңырап,

Ақынға топырақ салып тұр» дейтіні – дәл осы тұс Серік Ақсұңқарұлының.

«Граждан Шақшабаласы», «Гірекең», «Адамзаттың ақ періштесі» сияқты аттары көп бұл кісінің. «Кейіпкерлер мен авторлар» жинағына өзі арқау болған авторлар шығармалары мен Қарағанды қалжыңдары топтастырылыпты. Кешке арнайы келген Ерлан Төлеутай мен Ерлан Құжиман Азамат жайлы әдемі естеліктерімен бөліссе, ақын Мүсіркеп Сейдахмет ыстық лебізін білдірді. Астанадан ат ізін салған ақын Дәурен Берікқажыұлы Азамат Шоқшинге арнап жазған «Менің намаз оқымайтын әулием» деп басталатын өлеңін оқып, Сейіл Аяған ән жолдады.

…Анығында, біздің бәріміз тағдыр жазуының кейіпкеріміз. Оның сыртында көркем шығарма кейіпкеріне айналуыңыз әбден мүмкін ғой. Және қуатына қарай ол шығарма мың жылдықтарға сапар шегуі тағы кәдік. Жағымды, жағымсыз кейіпкер болуыңыз – өз қолыңызда. Біз таныған Азамат әзірге жағымды кейіпкер. Ал, бола қалған жағдайда, сіз қайсына айналар едіңіз?

Жәнібек ӘЛИМАН