Білім

Оқырман игілігіне – озық кітапхана

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде заманауи оқу кітапханасы мен коворкинг-орталығы ашылды. Кітапхана дизайны Нидерланд мемлекетіндегі Амстердам университеті кітапханасының үлгісімен жасалған. Университет кітапханашылары аталған мемлекетке барып, мол тәжірибе жинап, Бөкетов университетінің кітапханасына жаңашылдық әкелді. 125 мың дана кітап қоры сақталған тарих факультетіндегі өркениет ордасында ең көне XVIII ғасырда басып шығарылған «Императрица Екатерина II-нің саяси хат-хабарлары: 1772–1773» кітабы сақталған. Кітап үйінің бір өзгешелігі – 24 сағат бойы ашық.


Заманауи кітапхананың және коворкинг-орталығының дизайнын кітапханашылардың өздері ұсынған. Жөндеу жұмыстарына шамамен 1 жарым ай уақыт жұмсалған. Бұл жер бұрын мұрағат болған екен.

– Біздің кітапхананың ерекшелігі сол – заманауи үлгіде жасалды. Қызметкерлеріміз дизайнын өздері ұсынды. Университет басшылығы біз үшін Нидерландыға сапар ұйымдастырды. Біз Амстердам университетінде кітапхана ісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинақтадық. Онда жұмыста қолданылатын инновациялық технологияларды ғана емес, сонымен қатар интерьерді де бақылап қайттық. Жаңа кітапхананың дизайнын жасауда осы тәжірибе пайдаланылды, – деді кітапхана директоры Гаухар Әбдіғұлова.

Кітапханада ыңғайлы заманауи технологиялар, эстетикалық дизайн, коворкинг функциялары бар жоғары технологиялық қоғамдық кеңістіктер енгізілді.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде білім беру ресурстарына ашық қолжетімділікті ұйымдастыруға көп көңіл бөлінген. Ең соңғы үлгідегі RFID технологиясы кітап қорының сақталуын, айналымын, сұранымын бақылап отырады. RFID құрылғысы кітапханашылардың жұмысын жеңілдетеді. Оқырмандар ақпараттық терминал арқылы қажетті кітабын іздеп таба алады.

Тарих факультетінің оқу кітапханасында 125 мың дана кітап қоры бар. 18 ғасырдың аяғынан 19 ғасырдың 40 жылдарына дейінгі сирек басылымдардың 10 мыңға жуық қоры сақталған.

Жаңадан ашылған оқу кітапханасының іші әр кезеңге – ежелгі дәуір, орта ғасыр, жаңа Қазақстан аймақтарына бөлінген. Оқырмандар үшін кітапхананың ауласында, ашық аспан астында отырып кітап оқуға мүмкіндік жасалған. Негізгі сыйымдылығы 70 орын.

Оқу залында суретші және халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков картиналарына арнайы мүйіс бөлінген. Алдағы уақыттарда кітапханада көрме, семинар, конференция және тағы да басқа шаралар өтеді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button