Оқу жылы неге ұзартылды?
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, 25 мамыр бұрынғыдай оқушылар үшін соңғы қоңыраудың сыңғыры естілер күн емес. Өйткені, биылғы оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды. Бұдан былай соңғы қоңырау салтанаты Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келіп, 1 маусымда тойланады.
Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Биыл облыста 7 мыңнан аса түлек мектеп бітіреді екен. Осыншама түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, жүрегі алып-ұшып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Ал, төменгі сынып оқушылары үшін бұл – бір жылдық ізденіс пен талаптанудың қорытындысы, жаңа белеске қадам басудың белгісі.
Сан-саққа жүгірген пікірлерде соңғы қоңырау келесі жылы 25 мамырға қайта ауысатыны айтылып жүр. Ал, осы жолы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің айтуынша, оқу жылының мерзімі былтыр бекітілген, әрі министрлік бұл мәселені талқылап жатқан жоқ.
Әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн демалса, қазақстандық оқушылардың жазғы демалысы 90 күнге, яғни 13 аптаға созылады. Министр оқу жылын ұзартудың бір себебі – әлемдік тәжірибеге сүйену екендігін еске салды.
– Бұл шешімнің басты себептері: балалардың отбасында көбірек уақыт өткізуіне қатысты ата-ана өтініштерінің ескерілуіне байланысты 5 күндік оқу аптасына көшу; оқушыларға жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсынысы; оқу аптасының ұзақтығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендіру. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, ЭЫДҰ елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды, – деді Ғани Бейсембаев.
Оқу жылы бұрын 34 апта болса, бүгінде 36 аптаға дейін ұзартылды. Министр мұның тиімділігін де түсіндіріп өтті.
– Осы күнге дейін бізде оқу жылы 34 апта болатын. Енді оны ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) стандарттарына сәйкестендіру үшін оқушыларға түсетін жүктемені азайту керек, бұл шешім сала мамандарымен бірлесіп қабылданды. Стандарттар оқу бағдарламаларына енгізілген және 36 апталық оқуға негізделген. Сондықтан оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Егер 34 аптаға қайта оралатын болсақ, бес күндік оқу аптасынан бас тартуға тура келеді, – деді ведомство басшысы. Оның айтуынша, оқу жылы балалардың ата-аналарымен көбірек уақыт өткізуі үшін де ұзартылған.
Қарағандыдағы №14 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Толғанай Сейітжанова биылғы оқу жылының ұзартылуы оқушылар мен мұғалімдер үшін тиімді болғанын айтады.
– Биылғы оқу жылы өзгеше болды. Мектепте 5 күндік жұмыс аптасы енгізілді. Мұғалімдер бос уақытында шығармашылықпен, өздерінің авторлық ғылыми жұмыстарымен айналысып, педагогикалық білімін одан әрі жетілдіруге көп мүмкіндік алды. Ал, оқушылар үшін бос уақыт көбейді. Олар түрлі үйірмелерге, секцияларға қатыса алды, – деді Толғанай Ғазизқызы.
Мұғалімнің айтуынша, білім саласына енгізілген оң өзгерістерді ұстаздар қауымы әрқашан қолдайды. Ол еліміздегі оқу жылы мерзімін әлемдік тәжірибемен салыстырғанда аз екендігін айтты.
– Оқу жылында 34 апта, бірақ арасында қаншама мереке бар. Оқушылар шамамен 365 күннің 140 күнінде ғана сабақ оқитын шығар. Бұл әлем елдерімен салыстырғанда өте төмен. Оның үстіне көп мектеп екі-үш ауысымды, оқушы онда жарты күн ғана оқиды. Осының бәрін ескерсек, біздің оқу уақытымыз тым қысқа екені рас. Оқу жылын ұзартудың маңыздылығы осында деп білемін, – деді Толғанай Сейітжанова.
Ал, оқушылардың психологиясында 25 мамырда соңғы қоңырау соғылатыны, оқу аяқталатыны орнығып қалғаны жасырын емес. Дегенмен, білім саласындағы оң өзгеріс сапаны арттыруға бағытталғаны белгілі.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz