Бас тақырыпБәрекелді!

Қоғамдық қордан – қомақты қолдау

Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «қазақ журналистикасының бір дәуірі» аталып, жеке мектеп қалыптастырған қабырғалы қаламгер Мағауия СЕМБАЕВ атындағы журналистерді қолдау қоры құрылды. Қордың құрылтайшысы һәм төрағасы – облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы, «Қазақ меценаттары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша өкілі Ерсін МҰСАБЕК.

Қор негізінен демеушілік қаржы есебінен аймақ журналистерін қолдау жұмысымен айналысады. Олардың кітабын шығару, өмірден өткен ардагер жуналистердің рухына құрмет көрсетіп, мұрасын жинақтау, жас журналистерге бағыт-бағдар беру, әлемдік және отандық журналистиканың озық тәжірибелерін насихаттау сынды игілікті іспен айналыспақ. Мысалы, жас журналистер ипотека төлеуде қиындыққа тап болса, оған да қол ұшын беруге тырысады. Бұл демеушілік қаржының көлеміне қарай шешілмек. Бұдан бөлек, әділетсіздікке тап болып, тығырыққа тірелген қалам иелеріне заңдық тұрғыда көмек көрсету, тегін қорғаушымен қамтамасыз ету, оларды қолдау мәселесі де бағдарламада бар.

– Жақсы адамның атын жақсы іспен сабақтастырып, осындай ізгі бастаманы қолға алып отырмыз. Өйткені, Мағауия Сланбекұлы көзі тірісінде көптеген аймақ жастарының арқасынан қағып, қаламгерлікке баулыды, батасын берді. Оның шәкірттері қазір еліміздегі беделді басылымдарда абыройлы қызмет атқарып жүр. Оның кең болмысы мен бауырмалдық асыл қасиетін енді өз атындағы қор жалғастырмақ. Жасап үлгермеген игі істерін соңына жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Алғашқы қорға түскен қаржыға газет ардагері марқұм Тілеуқабыл Байтұрсын мен әріптесіміз, сатирик Әдебиет Белгібайұлының кітабын қарашаңырақтың 90 жылдығы аясында жарыққа шығармақшымыз. Бұл – «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясымен шығады және аталған серия дәстүрлі түрде жалғасып, әр жылы бір ардагер мен бір жас қаламгердің кітабы шығып отырады, – деді Ерсін Кәрібайұлы.

Төрағаның айтуынша, қор тек алақан жайып, демеуші іздеумен шектелмей, әртүрлі гранттар бәйгесіне қатысып, ұтып алған қаржыны Арқа журналистикасының абыройын асқақтатуға жұмсауға ниетті.

Қор Әділет органында заңды тұлға ретінде тіркелген. Құрылтай құжаттары сақадай сай, жұмысын бастауға дайын. Заң талаптары бойынша қамқоршылық кеңесі, қаржы-бақылау комиссиясы құрылыпты. Оның құрамында да әріптестеріміз бен аймақтың белгілі журналистері бар. Қор төрағасы қордың бір тиынын шашау шығармай, қабылдаған бағдарламасы бойынша мақсатты түрде жұмсалатынын баса айтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button