Басты тақырыпҚаражал

Қоғамдық монша

     Қазыналы Қаражал қаласының тұрғындары үшін жаңа жылдың толымды тартуы – көптен күткен қоғамдық моншаның ашылып, ел игілігіне берілуі. Өтпелі кезеңнің куәсіндей болып, 25 жыл бойы қаңырап бос тұрған бұрынғы монша ғимаратын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алынған 8 млн. теңге несие қаражаты есебінен қайыра қалпына келтіруші – жеке кәсіпкер Ибрагим ӘЛЖАНОВ.

Қоғамдық моншаның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Қайрат Шорманбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары, қаланың Құрметті азаматтары, мекеме-кәсіпорындар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ, жалпы бұқарахалық өкілдері қатысты.

– Бүгінгі күн – біздің қала мен оның тұрғындары үшін ерекше күн. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленіп, кәсіпкерлер қауымына нақты қолдау көрсетуге негіз болған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын тиімді пайдаланудың арқасында түйткілді мәселенің түйіні тарқатылып отыр. Мемлекет тарапынан тудырылған мүмкіндікті оңтайлы кәдеге жаратып, сырт келбеті мен ішкі жарақтандырылуы жымдаса қабысқан моншаны ілкімді түрде іске қосқан жеке кәсіпкер Ибрагим Әлжановқа айрықша алғыс айтуға тиіспіз, – деген өңір басшысы Қайрат Ғосманұлы өткен жыл ішіндегі өзге де өрелі істерге жинақы шолу жасады. Бұқара үшін аса жағымды жаңалықтың бірі ауызсудың «Тұзкөл» су қоймасынан жеткізіліп, беріле бастауы екендігін ерекше атап өтті. Жұртшылықты Жа­ңа жылмен құттықтап, баршаға бақуатты тірлік тіледі.

Өз кезегінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Валентина Сычева қоғамдық моншаны іске қосқан жеке кәсіпкерге қалың елдің, оның ішінде, ардагерлер қауымының атынан риясыз алғысын айтып, алдағы кезеңде де ел көңіліне қонымды шаралардың атқарыла береріне сенім білдірді. Ол әр атаулы істің астарында тынымсыз еңбек жатқандығын атап өте келіп, соларға басты дәнекер болуда қала әкімінің еңбегі ересен екендігіне назар аударды.

Дәстүрлі лента қию рәсімін қала әкімі Қайрат Шорманбаев пен кәсіпкер азаматтың ақылшы ағасы Бақытжан Әлжанов іске асырды.

Әлеуметтік маңызы зор нысанның қолданысқа енгізілуі 6 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Монша жанында жұртшылық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында буфет, шаштараз секілді қосалқы қызмет көрсету түрлері де қарастырылған.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Суретті түсірген Я.МАРКИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button