Өнер иесіне – өрелі құрмет
Қарағандыда қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Өмірзақ Асылбековтің есімі қайта жаңғырды. Қаланың қақ ортасында өзі тұрған Лобода көшесі, 10 үйге мемориалдық тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылуы өтті.
Бірден айтайық, Өмірзақ Асылбеков (1930-1977) – Қарағанды ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген қайраткер. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысушы аға буын өкілдері де, мұрағат деректері де растайды мұны. Өнерге қалтқысыз еткен еңбегінің арқасы шығар, тұрған үйі Кеншілер мәдениет сарайы мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры жанынан орын теуіпті. Тақтадағы суретінің өзі бір ғанибет. Дулығалы қазақтың хас батырының кейпіне енген түрі бейнеленіпті.
С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрына бұл кісі Құрманғазы атындағы консерваторияның әншілік факультетін бітіріп, 1957 жылы келіпті. Содан бері музыкалық спектакльдерде бас кейіпкерлерді сомдау жазылыпты маңдайына. Қазақ театры тарихында өзіндік қолтаңба қалыптастырған әртіс белгілі-белгілі 100-ге жуық рөлде ойнаған. М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында» – Әлібек, «Еңлік-Кебегінде» – Кебек, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» – Ер Тарғын, Ақан сері, Төлеген, Абай, Қозы-Көрпеш бейнелерін сомдағаны халық жадынан өшпеуі тиіс.
Осы мақсатта тұрған үйіне қойылған мемориалдық тақтаның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев және белгілі әртіс, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков сөйлеп, тарлан тұлғаның шығармашылық белестеріне тоқталды. Олай дейтініміз, танымал театр әртісі «Қазақфильм» киностудиясында бірнеше фильмге түскен талантты киноактер да осы Өмірзақ атамыз. Кеңес Жұмабеков ол кісінің киноға түсу барысында, шығармашылық үстінде жүріп ол дүниелік болғанын қаперледі.
Қазақ өнері мен мәдениетіне өмірін арнаған тұлға Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы филормониясының директоры, мәдениет басқармасының бастауыш партия ұйымының хатшысы, телевидение және радио хабарларын тарату жөніндегі облыстық комитетте Қазақ радиосының бас режиссері қызметтерін атқарып, еселі еңбек етті.
Жәнібек ӘЛИМАН.