«Немқұрайлы қарамайық»
Осакаров ауданында 21561 сайлаушы бар. Сағат 14.00-де 13987-сі таңдауын жасады.
– Ауданда 41 учаскелік комиссия жұмыс істеуде. Сайлаушылар белсенділігі жоғары. 110 жас жерлесіміз алғаш рет дауыс берді. Сондай-ақ, 409 азаматтан үйде дауыс беру бойынша өтініш түсті, – дейді Осакаров аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дана Молдағалиева.
Алғаш рет дауыс берген 110 жастың қатарында Аяулым Сүлейменова бар. Ол аудан орталығындағы №651 учаскеде тіркелген.
– Кәмелет жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болғаныма қуаныштымын. Алып еліміздің мен де бір маңызды бөлшегіне айналғанымды бүгін айқын сезіндім. Мен елімнің келешегіне сенемін. Қазақстанды гүлдендіру, қоғамдық сананы өзгерту – біздің қолымызда. Жайбарақат жүріп, немкетті қарамайық, – дейді бойжеткен.
Сондай-ақ, түске дейін Есіл ауылындағы мектеп-интернат-колледж студенттері де дауыс берді. Олардың басым көпшілігі алғаш рет сайлауға қатысты.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ,
Осакаров ауданы
Оrtalyq.kz