Руханият

Өнегелі отбасы – ұлт келешегі

«Отбасы қай заманда да дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп келеді. Олар – білімге құштар, бәсекеге қабілетті, жаңа әлем мен инновацияларға ашық, Үшінші жаңғыруды жүзеге асырушылар. Қазақстанның болашағы өзара сыйластық пен татулыққа ұйыған. Жақындарына жанашырлық жасаумен бірге өзгелерге көмегін аямайтын, әркім өзінің сүйікті ісімен айналысатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бірлік пен келісім құндылықтары сақталған отбасылары деп сеніммен айта аламын. Еліміздің тірегі болған осынау құндылықтар әрдайым біздің байлығымыз болып қала бермек» деген Елбасы сөзін негіз қылдық.

Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Отбасының қоғамдағы ролін айқындау мақсатында қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» мейрамы болып белгіленді. Мемлекет басшысының өкімімен жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы осы атаулы күнмен тұспа-тұс.

Өзінің бес жылдық тарихында байқауға 11 993 отбасы қатысса, оның 60%-ы (7172 отбасы) ауылдық жерде тұратын отбасылар. Сондай-ақ, барлық қатысушылардың 37%-ы (4479) көп балалы отбасылар, 18%-ы (2128) жас отбасылар, 17%-ы (2076) еңбек әулеттері және 7%-ы (822) басқа ұлт өкілдері. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылғы Елордада өткен республикалық байқауда қарағандылық Куриленко әулеті жеңімпаз атанған болатын. Бұл әулеттің ақсақалы – Николай Семенович Куриленко. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері. Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта слесарь, шебер, бөлім басшысы лауазымдарында табан аудармастан 45 жыл қызмет еткен. Қария IІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ, «Георгий Жуков» секілді бірқатар медальдармен марапатталған.

Ал, жұбайы Мария Федоровна Куриленко болса, соғыс уақытында тылда еңбек еткен. Олардың отау құрып, бір шаңырақ астында өмір сүргеніне 67 жылдың жүзі. Бүгінде олар бес баласынан 10 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Үлгілі отбасының балалары түрлі салада қызмет етіп жүр.

– Биыл 90 жастамын. Осындай үлкен байқауды ұйымдастырған Елбасымызға алғысымды білдіргім келеді. Ол Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үнемі назарында ұстап, бізге қолдау көрсетіп келеді. Елімізге тыныштық, барлық отбасыға бақыт тілеймін! Алға, Қазақстан! – деп өз әсерімен бөліскен еді Николай Куриленко.

Ал, облысымызда биылғы облысымызда өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Қарқаралы ауданының Ілімбаевтар отбасы. Отанасы Рымтай Әбілдина 67 жаста, «Батыр ана» ордені, Алтын алқа иегері, зейнеткер. Отағасы 2013 жылы өмірден озған. Әулетте 19 бала, 47 немере, 13 шөбере бар. Баласы Әлібек – Қарағанды облысының балаларға арналған психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінде тіс дәрігері. Қыздары ұстаздық жолда. Әр саланың тізгінін ұстағандар осы әулетте. Ұлы Ризабек Алматы қаласы имамдар институтының ұстазы. Ұлдары Кенжебек пен Ернұр атадан мирас болып қалған «Мерей» шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. Ендігі, Ілімбаевтар отбасы республикалық байқауда бақ сынамақ.

Мереке мерейін «Мерейлі отбасымен» сабақтастырдық. Бұл байқаудың еліміз бен елдігіміз үшін маңызы өте зор. «Отан – отбасынан басталады». Береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button