Құнды кітап – оқырман игілігіне

Қарағандыда жас ғалым Әділет ЖАҒЫПАРДЫҢ «ЕСЕП» – Елін сүйген ерлер партиясы тарихы» кітабының тұсаукесері өтті. Оған тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам белсенділері, кітапханашылар және басқа да оқырман қауым қатысты. Кітаптың жарыққа шығуына және көп алдында тұсаукесерін өткізуге мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, ішкі саясат басқармасы, Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қолдау көрсеткен. Алғысөзін жазған – ҚарУ ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ. Белгілі ғалым Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ ғылыми еңбектің құндылығын ашып, қолдау білдірген екен.

Тағылымды кешті айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл жүргізді. «Тәуелсіздік жолындағы Алаш арыстарының еңбегі – ұшан-теңіз. Олардың өшпес ерлігін Қарағандыда құрылған «ЕСЕП» партиясы жалғастырды. Бүркіт Ысқақовтар бастаған ұлы істі Кәмел Жүніс ағалар жалғады. Әділет осы тағылымды тарихты зерттеп жүр, тарихи маңызы зор, елеулі еңбегі жарыққа шықты. Бүркіт Ысқақов, Рамазан Нәрешұлы, Жәкен Қалиұлы, Кәрім Сауғабай, Айтбай Дәрешұлы, Мақсым Омарбекұлы, Зейнолла Игілікұлы сынды партия мүшелерінің ұрпақтары да осында», – деді ол.

Жас ғалым Әділет Жағыпар «ЕСЕП» партиясының тарихын жаңа қырынан талдап, жеткізуді мақсат еткен. Жас ғалымдардың еңбегін жарыққа шығаруға көмектесудеміз. Былтыр да Махмет Темірұлы туралы кітабы шыққан. Ол – осы партия жетекшілерінің бірі. Бұл – «ЕСЕП» партиясына арналған алғашқы ғылыми еңбек, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Е.Жұмакенов.

Кітаптың тұсауын «ЕСЕП» партиясының мүшелері мен олардың ұрпақтары кесті.

«ЕСЕП» партиясының мүшесі, белгілі жазушы Кәмел Жүніс партияның тарихына, басыннан кешкен қиындықтарға тоқталды. Партияның елді бірлікке шақырғанын жеткізді. Жазықсыз жапа шеккен қазақтың жағдайын баяндады.

Терең, әрі бай тарихымызды санамызға сіңіру – маңызды. Жаңаша түрде ұрпақ санасына жеткізу, меңгерту керек. Жастар тарихын білуі тиіс. Жаһандану кезінде бәсекеге қабілетті болуы зор мәнге ие. Тәуелсіздік жолында күрескен Алаш қайраткерлері мен «ЕСЕП» партиясы мүшелерінің ерлігі – бізге үлгі. Осы еңбегі үшін Әділет бауырыма алғыс айтып, ізденістеріне табыс тілеймін, – деді ішкі саясат басқармасы басшысы Ерлан Құсайын.

Әкемнің өмірбаянын 50 жасымда біле бастадым. Әкем өзі ештеңе айтпаған еді. «Саясатқа араласпасын» деп, мені орысша оқытыпты. Ағаларымнан қазақ тілін үйрендім. Әкемнің жоғалған қолжазбаларын ғалым С.Қасқабасовтың арқасында жарыққа шығардық. Әкемнің 86 жылы берген қолжазбасы бар еді. Соны кітап етіп бастыра алмай жүргенімде Нұрлан Орынбасарұлы көмектескен-ді. Өзімнің балам жоқ еді. Енді Әділеттті өз баламдай көремін. Маған «ЕСЕП» партиясы туралы Ахмет Темірұлы алғаш айтқантын. Ал, тереңірек Әділеттің кітаптары арқылы оқып, білдім. Әулетіміздің атынан алғыс айтамын, – деді Бүркіт Ысқақовтың қызы Айгүл Ысқақова.

Ал, Атыраудан онлайн қатысқан тарихшы ғалым Жанна Қыдыралина «Жас тұлпар», «Жас Ұлан», «ЕСЕП» сынды жастар ұйымдарын зерттегенін, Әділеттің сол зерттеулерге сүйенгенін айта келе, бұл кітаптың сол істердің заңды жалғасы екенін тілге тиек етті.

Бұл 80 жылдық тарихы бар «ЕСЕП» партиясының ерен еңбегінде айтылмай келген, зерттелмей қалған тұстары мен олқылықтың орнын толтырған еңбек. Ұлы Дала ұрпағының ұлылығы – олардың еңбектерінде. Нәзір Төреқұловтар бас болып, Әлиханның тапсырмасымен Минскіде «Кең дала» жастар ұйымын құрған. Мұндай ұйымдар еліміздің әр жерінде Тәуелсіздік үшін күрес жүргізген. «Кеңес үкіметі құламаса, тәуелсіздік алмас едік» деген пікір – қате. Зерттелмей жатқан дүниелерді жарыққа шығарсақ, Ұлы Даланың ұлдары екенімізді дәлелдейміз. Әділеттің он шақты жыл «ЕСЕП» партиясын зерттеуі – үлкен парасаттылық, – деді тарихшы ғалым Әлімжан Әлпейісов.

Жәлел ШАЛҚАР.