Өндіріс жаңғырса, өңірге сеп
Қарағандыда күнбағыс, зығыр және соя майының өндірісі басталды. Бұл облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың еңбек ұжымдарымен кездесуі барысында белгілі болды. Аймақ басшысы өңірдегі тамақ өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары – Eurasian Foods компаниясының зауыты мен Қарағанды диірмен комбинатына арнайы барып, өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Ол өндірісті жаңғырту барысын қарап, жұмыс орындарындағы қызметкерлермен әңгімелесті. Еңбек адамдары облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Олар негізінен аулалар мен көшелерді абаттандыру, жол жағдайы, газдандыру, балалар спортын дамыту секілді әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Аймақ өнеркәсібінің әлеуеті зор. Бүгінде май өнімдерін шығаратын кәсіпорындар үнемі жаңғыртылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Зауыт аумағында жаңа цехтар салынып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылуда. Сонымен қатар, өндірісте «жасыл экономика» талаптарына ерекше көңіл бөлінуде – бұл суды және электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қарағанды диірмен комбинаты май зауытын кеңейтумен айналысуда. Мұнда майлы дақылдарды өңдейтін жаңа желі іске қосылды. Өсімдік майының бірнеше түрі, атап айтқанда, күнбағыс, зығыр, соя өндіріле бастады.
Кәсіпорын директоры Виктор Фединнің айтуынша, қазір өндіріс айына бір жарым мың тоннаға дейін өнім шығарады. Ал, ол келешекте екі есеге артуы мүмкін. Отандық шикізатқа, оның ішінде, жергілікті шикізатқа бағдар қойылып отыр. Өндірісті кеңейту арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Жалпы, кәсіпорында 250 адам еңбек етеді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда.
– Еңбектеріңіз үшін рахмет! Сіздердің өнімдеріңіз сұранысқа ие. Жергілікті өндірісті қолдауға тырысамыз. Облыс, қала басшылығына сұрақтарыңыз бар екенін түсінеміз. Сіздер тікелей жауап алуларыңыз үшін осы кездесуге арнайы келдім. Бұл кездесуді есеп беру деп есептеңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев жұмысшыларға.
Облыс әкіміне кәсіпорындардың газға көшу мүмкіндіктері туралы да сұрақ қойылды. Бұл мәселе өңір экологиясы мен өндірістік қауіпсіздік тұрғысынан үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда бірінші кезекте жеке тұрғын үй секторын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, тұрмыстық отынға тәуелділікті төмендетуге бағытталған.
Алайда, болашақта ірі және орта кәсіпорындардың да кезең-кезеңімен газға көшуі қарастырылып отыр. Бұл, бір жағынан, облыс орталығы мен өндірістік аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсартуға, екінші жағынан, энергия тиімділігі мен заманауи технологияларды енгізуге жол ашады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ