Қарқаралы

Өндіріс – тіршілік өзегі

Қарқаралы  – қойнауы қазынаға толы кенді өлке. Аудан халқын жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағының бірі – «Қазақмыс» корпорациясының» Қарағайлы кен-байыту фабрикасы. Еліміздің индустриалды-инновациялық бағытының қарқын алуына, оның ішінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ықпал етіп отырған кәсіпорын өзінің жауапкершілігін әсте естен шығарған емес.

1950 жылдары кен барлау экспедициясының зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағайлы кенішінде барит полиметалының мол қоры бар екені анықталады. Минералдық құрамы әртүрлі, дегенмен, басым бөлігі барит, қорғасын, мыс пен мырыш. Осындай бағалы металдарды өндіріп, оны қорыту әрі байыту мақсатында 1963 жылы Қарағайлы кен байыту фабрикасының іргетасы қаланды. Алғашында жылдық қуаты 100 мың тонна өнімді қорытатын №1 және кейіннен, 1978 жылы жылдық қуаты 1,5 млн. тонна кен өңдейтін №2 фабрика іске қосылады. Осы жылдары өндіріс орнын ашуға арнайы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев пен сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Н.Назарбаев келген еді.

Құрылуы бірнеше кезеңнен тұратын фабриканың бүгінде жұмысы қарқынды, еңбегі толымды. Заман ағымына сай көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан технологияның жаңаруының, жергілікті білікті мамандар қатарының толығуы нәтижесінде бірінші жартыжылдықта 62,6 мың тонна мыс концентраты өндірілген. Кәсіпорында екі ауысыммен 495 адам еңбек етеді. Фабрикаға қарасты «Ақбастау» және «Абыз» кеніштерінен әкелінетін рудадан мыс және мырыш концентраттарын алады. Тәулігіне 8-10 мың тонна аралығында руда жеткізіледі.

Ауыр жүк көліктері әкелетін өнім арнайы қабылдау бункерлеріне түсіріледі. Құрылғылардың көмегімен ұсақталып, ұзындығы 150 м болатын, бірнеше корпусты жалғап тұратын конвейерлер арқылы орташа уату корпусына тасымалданады. Мұнда 300 мм болып түскен руда 60 мм, ал ұсақтап уату кезеңінде 18 миллиметрге дейін ұнтақталады. Конвейер бойында оператор машинистер отыратын арнайы үш пункт бар. Ол жерде рудаға бөгде заттардың түсіп кетпеуі бақыланады. Кедергі болса, бүкіл жұмыс автоматты түрде тоқтап, магниттік шайба арқылы керексіз заттар алынып тасталады. Ал шаң-тозаңды тазалау аспирациялық жүйе және адамдардың ықпалымен тұрақты жүргізіліп тұрады. Жазда гидро тазалау жұмыстары жүргізіледі. Әрбір ауысымда цех жұмысы бір жарым сағатқа тоқтайды. Осы аралықта жұмыскерлер өз жұмыс орындарын тазартып келесі ауысымға шыққан жұмыскерге тапсырады.

Бұдан кейін руда жуу, кептіру процестерінен өтіп, дайын мыс пен мырыш концентратына айналады. «Абыз» кенішінен шыққан рудадан алынған концентраттан тәулігіне 10 вагон, «Ақбастаудан» тасымалданатын рудадан 6 вагон дайын өнім Балқашқа жөнелтіледі. Бір вагонда – 69 тонна өнім. Фабриканың 70 пайызы заманауи технологиямен жабдықталғанымен, жұмыс басқару жүйелері адамдардың күшімен жүзеге асады. Жұмыс ауқымы үлкен кәсіпорында алаңсыз қызмет жасауға мүмкіндік зор. Себебі, бұл жерде әр маман техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтайды. Фабрика жұмысын ұйымдастырып отырған директоры Ғабиден Балғожин – білімді маман, білікті басшы. Ал бізді фабриканың тыныс-тіршілігімен таныстырған Қуаныш Кездікбаев, Азамат Қарымсақов, Ербол Адақов өз ісінің білгір мамандары. Бір қарағанда, жұмыс алып техникалар мен қондырғылар арқылы жүзеге асып жатқандай көрінеді. Алайда, әр техниканың құлағында әр сәтті қалт жібермейтін маман отырады. Сөзден гөрі іске бейім, жұмысқа мығым кен байытушы жұмыскерлердің еңбек өнімділіктері де жоғары.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button