Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері
Ел қоржынына тағы бір қола медаль түсті. 50 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының жүлдегері атанды. Ал, грек-рим күресінен 77 келі салмақта белдескен Демеу Жадыраев ақтық сынға өтті. Яғни, алтынға бір табан жақын қалды. Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Назым Қызайбайды құттықтап, жеделхат жолдады.
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Назым Қызайбай ел қоржынына қола медаль салды. 50 келі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді. Осылайша, Назым Қызайбай өз мансабында тұңғыш рет, өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды.
– Назымды Олимпиада ойындарының қола медалімен құттықтаймын! Назым ұзақ жылдар бойы еліміздегі әйелдер боксының жарқын өкілі әрі команданың көшбасшысы болып келеді. Өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысқанына қарамастан, ол әлемдегі ең мықты спортшылардың қатарынан екенін тағы бір дәлелдеді. Сіздің бұл жетістігіңіз көптеген жас атлетке жігер сыйлап, еңбек пен төзімнің ақталатынына шынайы үлгі болсын деп тілеймін. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Назым мен оның бапкері Долкунжан Камековты және барша қазақстандықтарды Олимпиада медалімен құттықтаймын!, – делінген жеделхатта.
Ал, боксшының өзі жекпе-жектен кейін:
– Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманым болды. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір бірімізге тіледік.Қазір өзіме аса көңілім толып тұрған жоқ. Өйткені алтын алғым келді және жеңуге болатын қарсылас еді. Алайда қытай қызы жекпе жек барысында алдап кетті. Оған қоса менде «қолаға жеттің, енді алтын алу керек» деген жүктеме тұрғандай болды. Сол кедергі келтіргендей.
Жеңсем де, жеңілсем де қасымнан табылатын отбасыма, достарыма рахмет айтамын!, – деп пікірін білдірді.
Грек-рим күресінен сынға түскен Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалына шықты. 77 келі салмақта сынға түскен отандасымыз жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановтан басым түсті. Ол йыннан кейін сұхбат беріп, жекпе-жектерін қорытындылады
– Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс. Сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр.
Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім.
Ал, жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты, – деді Демеу Жадыраев.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.