Құнанбайды таныған ақын

1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы, аға сұлтандыққа сайланардағы сайлау жиынында Күдері де құрметті бидің бірі болып қатысқан. Аға сұлтанды сайлауға келген Орта жүз билері қым-қиғыш сөз алысып, Құнанбайды сайлау-сайламасы екіталай дауға түсіпті. Сонда Күдері Орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтқан көрінеді:

Атаңнан артық тусаң ту ұстарсың,

Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.

Біріңді-бірің түртіп не қыласың,

Түбің бір исі қазақ туысқансың.

Құнанбай Орта жүздің тұзы

емес пе?

Көнеден арнасы бар із емес пе?

Қарадан хан болса да реті бар,

Салмаңдар қыл кеңірдек,

қыл өңешке.

Сәукеш су, аға берер жүйесімен,

Жарасар кештің сәні түйесімен.

Кімің бар Құнанбайдан озып туған?

Айырма елді нағыз иесінен.

Арғымақ қанша шапса арымаған,

Қиыннан жол табады дарын адам.

Сыртынан алтын-сары,

мыс та-сары

Жақсыны жарым жандық танымаған, [3,362б] – деп өлеңдетіп келіп әрі қарай:

Тұз болмаса, ет бұзылады,

Дін болмаса, ниет бұзылады.

Ел – ермен көркем,

Жер – көгімен көркем.

Ақылы асқанды хан тұтын,

Білімі асқанды пір тұтын.

Жақсыңды қадірле,

Жаманыңды тәрбиеле, қазағым.

Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,

Соқпақ көргенді жек, – дей келе: «Әңгімені төлдете бермей, төрелі сөздің түйініне келіңдер», – деп кесіпті. Сонда Орта жүздің билері су сепкендей тиылыпты. Барлығы Күдері қожаның сөзіне бәтуә қылып, Құнанбай, аға сұлтандыққа сайланған. Бұл жердегі, ақыл-өсиет ретінде айтылған сөздер қазіргі кезде мақал-мәтелге айналып, халықтық қолданысқа ие болып жүр.

Бұл материал 1936 жылы «Қазақ өнерпаздарының» слетінде алғаш рет жарияланған. 2000 жылы «Жұлдыз» журналының №2 санында осы тақырыппен тағы жарияланды.

Кәмел Жүністегі,

жазушы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.