Нәтижелі жұмыс жауапкершіліктен басталады
Қарағанды облысы бойынша биылғы жылға жоспарланған аса қауіпті ауруларға қарсы диагностикалық зерттеу, алдын алу энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
Сібір жарасына қарсы 285 201 ірі қара мал, 670 763 ұсақ мүйізді мал, 152 405 жылқы және 38 870 шошқа егілді. 555 355 ірі қара мал туберкулезге, 11 065 жылқы жылқы маңқасына қарсы аллергиялық зерттелді.
387 484 ірі қара мал бруцеллез ауруына зерттеліп, ауруға шалдыққан жануарлар ет өңдеу кәсіпорындарына санитариялық союға жіберілді. Сонымен қатар, бруцеллезбен ауырған жануарлардың иелеріне өтемақы төлеуге облыстық бюджеттен 103,2 млн.теңге қаржы бөлініп, 7 айдың қорытындысы бойынша 866 ірі қала малға 44,6 млн. теңге өтемақы төленді. Ветеринария басқармасы энзоотиялық ауруларды жүргізу жұмыстарын ұйымдастырып, облыстық бюджет қаражаты есебінен бөлінген 62 млн. теңгеге 62 451 доза жылқы сақауына және 258 818 доза ІҚМ бұзаутаз (трихофития) ауруына қарсы вакцина сатып алынды. Бүгінгі күні жоспар бойынша бұзаутазға қарсы 102 477, жылқы сақауына қарсы 43 860 малға егу жұмыстары жүргізілді.
Нұра ауданында тіркелген пастереллез ауруына қарсы 11 427 бас ірі қара малына егу жүргізіп, 592 аулаға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ауру ошағы тіркелген елді мекендерде шектеу белгіленіп, қауіпті індетті жою мақсатында ветеринариялық-санитариялық сауықтыру іс-шаралары жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы да айта кету керек. 141 401 ірі қара мал, 402 382 ұсақ мүйізді мал, 31 410 жылқы, 60 997 шошқа бірдейленіп, дерекқор жүйесіне енгізілді.
Облыс бойынша құрылған 194 ветеринариялық пункттерді сапалы интернет желісімен қамтамсыз ету мақсатында ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 25,2 млн. теңге қаражат бөлініп, 103 ветеринариялық пунктке интернет желісі орнатылды.
Ветеринария басқармасының тарапынан экологиялық, биологиялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ірі мал өлекселерін, биологиялық қалдықтарды, т.б. өртеуге арналған жылжымалы пештер (инсинераторлар) сатып алынып, Жаңаарқа, Нұра және Қарқаралы аудандарына берілді.
Жоспарлы түрде жануарлардан жылына 2 рет көктемде және күзде аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін қан алынады және түрлі ауруларға қарсы егіледі. Осы іс-шаралар уақытылы, сапалы жүргізілсе – қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, инфекциялық, инвазиялық мал ауруларын жою, мал шығындарын азайту арқылы шаруашылықтарға келетін зиянды барынша азайтып, мал өнімдерінің өнімділігін арттыруға, эпизоотиялық қолайлылықты сақтауға болады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 406-бабында қарастырылған әкімшілік жазалар да бар. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Мал иелері өз міндеттерін орындамау салдарынан адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың кең таралуына әкеп соғады, жыл сайын адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың тіркелуі алаңдатушылық тудыруда. Мысалы, биылғы жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша 6 адам бруцеллез ауруына, оның ішінде 3 жасөспірім, 387 адам туберкулез ауруына шалдыққан.
Жоғарыда аталған талаптар орындалған жағдайда әрбір мал иесі жеке басының және жанұясының қауіпсіздігін сақтай алады, сонымен қатар, облысымыздағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік туындайды.
Болашақта, осы мәселені шешу бағытында, Сіздермен бірге әр жүктелген міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарап, ветеринария саласындағы жұмыстардың нәтижелі атқарылуы арқылы ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлесімізді қосарымыз анық.
Облыста ветеринария саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, іс-шаралар, жаңалықтар және өзекті мәселелер жөніндегі ақпаратты Ветеринария басқармасының www.Uprvetgovkrg.kz ресми сайтынан көре аласыздар.
Б.АСАНОВ
Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы.
Сурет ғаламтордан алынды