Рухани жаңғыру

Ән тербеген, күй кернеген кеш

Қарашаның 26 күні Ақтоғай аспанын ән тербеп, күй кернеген кеш өтті. Биыл Арқаның ақтаңгер әншісі, КСРО-ның Халық әртісі, актер, композитор Манарбек ЕРЖАНОВТЫҢ туғанына 120 жыл толып отыр.

Кезінде есімі Одаққа танылған тау тұлғаның мерейтойы облыстық, республикалық дәрежеде елеусіз, ескерусіз қалғаны көңілге кірбің ұялатады-ақ! Бәлкім, оған мына келген пандемия себеп болған да шығар…

Десе де, қазақ ән өнерінде құрылымы бөлек шығармала ры мен өзінің ғажайып әншілік мектебін қалыптастырып кеткен дүлдүл әнші, саңлақ-сазгер жерлесін ақтоғайлықтар ұмытпапты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде жергілікті (әншілер Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы келіп қатысты) әнші, күйші өнерпаздардың қатысуымен «Сайра бұлбұл» атты шығармашылық фестивалі өтті. Фестивальге ҚР мәдениет қайраткерлері, есімі Алаш жұртына белгілі, дүлдүл әнші Дәуренбек Әркенов бас болып, әлеумет Манекеңнің сиқырлы сұлу сазды әнімен таңдайын жібітіп, Аққыз, Мағауиялардың жүректің қылын шерткен сырлы күйлерімен сахна өнеріне сусаған шөлін басты. Фестивальдің мақсаты – жас ұрпаққа халық әндерінің құдіретін ұғындырып, М.Ержановтың сазгерлік талантын жан-жақты ашып, ел арасында өте сирек орындалатын «Бақыт жыры», «Жетісу», «Қуанамын», «Біржан салға» секілді әндерін насихаттау. Бұл тұрғыдан келер болсақ, шара өзінің діттеген мақсатына жетті. Оған көрермен қауымның Д.Әркенов, Б.Мақшонов, С.Сәрсенқұлов, Б.Мақшонова секілді танымал әншілер мен Н.Ұзақбай, М.Анықбеков, М.Шаймұрат сынды жас орындаушыларға көрсеткен қошемет-ықыласы дәлел. (Негізі талғамы жоғары ақтоғайлық көрерменінің көңілінен шығу оңай емес)! Сондай-ақ, Ақтоғайдың күйшілік мектебінің талантты толқыны С.Мағауина, Б.Серікбол, Е.Медеттердің орындауындағы Аққыздың «Қайран елім», Мағауияның «Жайлау», Дәулеткерейдің «Көроғлы», С.Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйлері ән фестивалінің шырайын кіргізді. Әр тараптан бас қосып, өз өнерлерін өнерсүйер қауымға тарту еткен әнші-күйші өнерпазға аудандық Мәдениет үйінің директоры Н.Күлшікенов «орамал тон болмайды, жол боладының» жолын жасап, алғысын білдірді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button