АймақБалқаш

Нұрболаттың жарқын жеңісі

Абай облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдас­тыруымен әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы республикалық «Сәби болғым келеді» ән байқауы өтті. Байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен әр аймақтың үздік деген 26 әншісі қатысып, бақ сынасты.

Сурет Нұрболаттың жеке мұрағатынан

Аталған ән додасына Қарағанды облысының атынан қатысқан балқаштық әнші Нұрболат Ұзақбайдың асығы алшысынан түсті. Бағы мен бабы қатар шауып, орындаған әндері елдің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. Қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болды.

Ол бірінші кезеңде Т.Рахимов­тың «Бибігүл», «Ақбөкен» және Әсет Найманбайұлының «Кіші Ардақ» әнін нақышына келтіре орындап, ақтық сынға сүрінбей жеткен 10 қатысушының қатарынан табылды.

Ақтық сында Т.Рахимовтың «Қазағым-ай», «Алпыстың асуын-ай» және Біржан салдың «Жанбота» әнін әуелетіп, бірінші орынды иеленіп, бір миллион теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алды.

Нұрболат Ұзақбай – Тәттімбет өнер колледжінің және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын үздік бітірген күміс көмей әнші. Бүгінде халық әндерін заманауи түрде насихаттап жүрген «Қазақша терапия» №1 музыкалық театрландырылған жобасының белді мүшесі. Есімі Арқа жұртына етене таныс Нұрболат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтің шәкірті.

Сонымен қатар, Нұрболат өнерлі отбасыдан шыққан. Әкесі – Таңат Іргебаев Балқаштың мәдени-сауық орталығындағы «Сарыарқа» халықтық-фольклорлық ансамблінің жетекшісі. Ал, анасы Жансая Абдуалиева – Балалар өнер мектебі директорының орынбасары және дәстүрлі ән сыныбының ұстазы.

Облыс намысын лайықты қорғаған талантты әнші Нұрболаттың болашақта әлі талай биікті бағындырарына бек сенеміз!

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button