Басты тақырыпҚарағанды

Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!

    Қарағанды шаһарында қоныс тепкен қабырғалы жұрт Сарыарқа сауырына кеп жеткен Наурыз мейрамын кеңінен тойлады. Жылдағы дәстүр бұзылып, Бұқар жырау даңғылын жағалай тігілетін ақ боз үйлер бұл жолы кеншілер қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағына ойысты. Аспаннан сәуле төгіліп, Алты Алаш нұрға көмілген шуақты мерекенің шырайын біз де көріп, сүйсініп қайтқан едік. Сонымен…

Ұлыстың Ұлы күні ұлан асыр той қылған айбынды елдің саябақтағы айдынды көлді жағалай жайлауын өз басымыз жақсылыққа жорыған едік. Түйсігіміз алдамапты. Асфальттан безіп, асқақтақтап тұрған рухымыздың аспандап әкеткен сәті осы ма дедік. Суыққа қарамай, алқақотан жиылып, селдей ағылған қалың бұқара – соның дәлелі болсын. Мерекелі көңіл-күй берекелі елдің еңсесін тіктеп, бірлігін нығайтып, ниет-тілектің тиегін ағытты. Алты ай қыста арқасы құрысқан Алаш жұрты құшағын кеңге жайып, елге лайық ізетпен көріспегені көрісті, табыспағаны табысты. Иә, бұл күн – тұрағы қала болғанмен, пырағы – дала, төбеті ала болғанмен, пейілі – дара қазақтың дархан көңілі, арман-сенімі айрықша сезілген – Самарқанның көк тасы жібіген күн! Бұл күн – «сапарға кеткен ұлдарға сыбаға тартатын» күн! Бұл күн – Күн мен Түннің теңесіп, Жер-Ананың бауыры бәйшешекке, сауыры сарғалдаққа толған ұлық мереке, ғұрып-береке!

Орталық саябақта ордалы алып сахна тігіліп, фонтандар каскады мен Жауынгер-интернационалистер көшесін жағалай 33 ақ боз үй, 27 сауда шатыры орнықты. Дәстүрімізді дәріптеп, ғұрпымызды ұлықтап, салт-санамызға сәуле түсірер электронды аллея тағы бар. Ғаламторға негізделген бұл аллея ниет білдіргенді виртуалды экскурсия жасап қайтуға шақырады. Көз көріп, құлақ естімеген бұл жаңалық қарағандылықтардың да ерекше қызығушылығын оятты.

Облыс бюджетінен 8 миллион теңге бөлініп, Сарыарқа жұртшылығын сауыққа бөлеген торқалы тойдың қоюшы-режиссері алматылық – Аспет Жилкина мен хореограф-режиссері Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің хореография кафедрасының профессоры Алмат Құрмажанов. Бұдан бөлек, ел ордасы Астанадан да арнайы мамандар шақырылып, мюзикл жанрында өткен театралық қойылымды әуенмен әрлеп, композиторлық еткен азаматтар да бар. Ал, қойылымның жыр-қайнары қарағандылық жас ақындардың еншісіне бұйырыпты. Сөйтіп, Алаш мемлекетінің құрылуы мен көктемнің жаңаруын ой азығы еткен мамандар Жер шарындағы елеулі үш құбылыс – от пен суды, ауаны негізге алып, кейіпкерге айналдырған. Күрделілігі өз алдына, ауқымына Арқа сиярлық көлемді қойылымға азды-көпті алты жүзге жуық адам қатысқан екен. Оның ішінде мектеп оқушылары мен жас әртістер, шығармашылық ұжымдар мен театр өнерпаздары бар. Дегенмен, алыстан ат терлетіп келген қазақ эстрадасының «жұлдыздары» бой көрсете қоймады. облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев та ашып айтқан еді. Дегенмен, жергілікті өнерпаздар мен этно-мəдени орталықтардың өкілдері барын салып, аянып қалған жоқ. Өнерлерін ортаға салып, әншілері әнге, күйшілері күйге сусатты.

Наурыз – жаңару, жаңғыру мерекесі. Осынау ұлы мейрам қарсаңында мемлекетіміз де дамудың жаңа дәуіріне қадам басып отыр. Ел өмірінде орын алып отырған саяси реформалар, өзгерістер наурыз нышандарымен үйлесім тауып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты бізді биік мақсаттарға жетелейді. Жаңа күнде қарағандылықтардың ауызбіршілігі мен еңбекқорлығын атап айтқым келеді. Наурыз мейрамы асқақ армандар мен жаңа үміттердің мерекесі, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Жаңа үміттің жаршысы болған жарқын мерекенің Арқа азаматтарына ала келген берекесі де аз емес. Салтанатты шарада Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша «Өңірлерді дамыту – 2020» Бағдарламасына қатысқан жас отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Құптарлық іс. Әр шаршы метрі 90 мың теңгені құрайтын 108 пәтер иесінің жан тебіренісі кімді де болсын толғандырмай қоймасы анық. Соның ішінде 72 пәтер бір бөлмелі болса, 36-сы екі бөлмелі.

Мереке соңы қарағандылықтарды таң-тамаша еткен түрлі-түсті түтінді отшашуға ұласып, көл жағалай ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан түрлі сайыстармен жалғасын тапты.

Тәңір алқап, табалдырығымыздан аттаған Тауық жылының торқалы тойы осымен тәмам!

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button