Руханият

Ән – олардың тағдыры

Ойшылдар «ешбір адам талантсыз тумайды» дейді. Тек сол талантын түсінбей, білмей, көрмей кететіндер бар. Ең өкініштісі – осы. Талантыңды, яғни, бойыңдағы қандай да бір қасиетті табу – өміріңнің мәнін табу. Ал, мәнсіз өмірді «өмір» деуге бола ма екен?! Талантыңды табу үшін жаның қалаған, жаның сүйген іспен айналыспақ керек. Жаның қалаған істе махаббат бар. Махаббатпен жасалған шаруада нәтиже болады. Мұратыңа жетесің. «Ғұмырда мамандық таңдауда қателеспеу керек» деп тегін айтылмаса керек. Осы таңдауда қателескендер жер бетінде көп. Бірақ, ғұмыр жолының орта тұсында өзіне не керегін түсініп, соған қарай жүрек көзін бұратындар да баршылық. Сондай адамдар Саран қаласында бар. Саран қаласының сахнасы мен кештерін әнге бөлеп жүрген «ВИА Креатив» тобы туралы айтпақпыз. Күнделікті күйбең тірліктің күйігін әнмен, өнермен басқан таланттар. Өмірдің түрлі ғажайыбын іздейтіндерді таң қалдырар ерекше топ.

Сурет «ВИА Креатив» тобы мұрағатынан

«ВИА Креатив» тобы 2018 жылы құрылған. Топ жетекшісі – Аян Тәжімқұлов. Ол Тәттімбет атындағы өнер колледжінде білім алған кәсіби күйші. Бұл күнде Сарандағы Абай атындағы орта мектепте музыка пәнінің ұстазы. Осы топты құру үшін музыкалық аспаптарды өз қаражатына алыпты. Жетпегеніне несие рәсімдепті.
– Осы топты құру үшін аспаптарға қажетті қаражатты өз қалтамнан шығардым. Топтың құрылуына елеулі үлес қосқан – Азамат Мұстафин есімді лицей мұғалімі. Ол топқа керек тоқ барабанды сатып алды. Сөйтіп, шығармашылық жолымыз басталды. Ел ішіндегі таланттардың басын қостық, – деді Аян Тәжімқұлов.

Қызығы мынада: шығармашылық топтың сапында кілең кәсіби музыканттар емес. Мәселен, Жомарт Сатқанқұлов есімді азамат Саран колледжінде техникалық қызметкер. Ешқандай да музыкалық білімі жоқ. 1967 жылы дүниеге келген. 1979 жылдан бастап барабанды үйреніп, өз бетінше ойнай бастаған. Кез келген әннің ырғағына ілесіп кететін дарыны бар. 1993 жылға дейін ойнап, 2023 жылға дейін бұл өнерден алыстап кеткен. 2023 жылы Саран қаласына көшіп келіп, «ВИА Креатив» тобының сапына қосылған. 20 жыл өткеннен кейін жүрегі қалаған музыкаға оралып, топтың белді өкіліне айналды.

Бас гитарада Стефания Борис есімді мектеп-лицейдің 16 жастағы 10-ші сынып оқушысы. Ал, соло гитарада Ярослав Борис есімді 10-шы сынып оқушысы. Ол да небәрі 16 жаста. Соло гитарада ойнайтын Бақберген Айғара да мектеп қабырғасында. Екеуінен бір жас үлкен.

Азамат Мұстафин – бас гитарада. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы. Жанболат Бабаков әйгілі, өз уақытының құбылысы деп мойындалған Виктор Цой ән айтқан «Кино» группасының әндерін ойнайды. Ол облыс әкімдігінде қызмет атқарады. Былтыр ғана облыстық бейнелеу өнері музейінде жеке көрмесі өткен суретші. Ақын. «Суретші сыры» атты романсына белгілі сазгер Шыңғыс Мұқаев ән жазған. Сол туындыны қазақтың аяулы әншісі, марқұм Сейіл Аяған орындаған еді.

Топтың солисі – Заманай Исатай. Ол Сарандағы Абай атындағы мектепте информатика пәнінен ұстаздық етеді. Тағы бір солист – Дастан Аскеев. Ол – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Топ репертуарын көбіне ретро әндермен толықтырған. Тіпті, рок жанрындағы әуендерді де орындайды.
Жанның қалауы музыкадан ләззат алу үшін үлкен сахнаның, лық толған залдың қажеті жоқ. Бар керегі – арманыңа деген адалдық. Арманың адал болсаң, ғұмырлық мақсат-мұратыңа бекем болсаң, жоқтан бар жасауға болады екен. «ВИА Креатив» тобы соған дәлел.

Қазақтың осы дәуірдегі заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин «Дарын – Тәңірден берілген несие», – дейді. Бойыңа біткен дарынды, асыл қасиетті қор қылмаған абзал.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button