Мықтының бірі – Абылайхан
Жерлесіміз Абылайхан ЖҮСІПОВ – Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Өткен аптада өзбек астанасы Ташкентте бокстан құрлық бәсекесі тәмамдалды.
Сары құрлық додасында 28 елден келген 178 боксшы мықтылық байқасты. Салмақ ауыстырған Абылайхан «қазақтың салмағы» – 69 келіде сынға түсті. Жартылай финалда моңғол Бямба Тувшинбатты ұтқан абайлық ұлан финалда өзбек Шаһрам Гиясовпен қолғап түйістірді.
Гиясовты қазақ жұрты жақсы тануы тиіс. Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусінов тап осы Гиясовты қапы қалдырған еді.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек тартысты өтті. Десек те, Абылайхан азулы қарсыласынан айласын асыра алмады.
Жалпы, осы чемпионатта қазақ боксшылары 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медальді еншіледі. Алтынды 91 келіде өнер көрсеткен Василий Левит иеленді. Ал, өзбек боксшылары айды аспанға шығарып, 9 алтынды қанжығаға бөктерді.
Айта кету керек, құрлық сайысында 23 тамыз – 4 қыркүйек аралығында Германияның Гамбург қаласында өтетін әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынды. Жүлделі орындардан көрінген сегіз боксшымен қатар, жаһандық жарысқа қосымша кездесуде жеңіске жеткен Әділет Құрметов те (60 келі) баратын болды. Сөйтіп, тоғыз оғыланымыз ел намысын қорғайды. Сайыпқырандар сапында Абылайхан да бар. Жерлесімізге жеңіс тілейік.
Нұрқанат ҚАНАФИН