Жаңалықтар

Мопедке де куәлік керек

Биыл 5 сәуірден мопедті механикалық көлік құралдарына теңестіретін Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген түзетулер күшіне енеді. Сол күннен бастап, бұл көлік құралымен полицияда тіркегеннен, техникалық тексеруден өткеннен соң, АҚЖ-ның сақтандыру полисін ресімдегеннен кейін және A1 санатындағы жүргізуші куәлігі болған кезде ғана жүруге болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімденді.

Сурет almaty.tv

– Тіркеуден өту үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға жеке басын куәландыратын құжаттармен жүгінуі, техникалық құжатты немесе көлік сипаттамалары туралы мәліметтерді ұсынуы керек. Кейін өтініш толтырылып, мемлекеттік баж салығы төленеді. Бұған дейін сатып алынған мопедті тіркеу үшін Қарағанды қаласы, Мұқанов көшесі, 5 мекенжайындағы мамандандырылған ХҚКО-да техникалық тексеруден өткізіп, барлық құжатты рәсімдеуге әкелу қажет, – дейді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Азамат Дайрабаев.

Сол жерде A1 санатына практикалық емтихан тапсыра алады. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, автодром және арнайы техника бар. Емтиханды қар еріп, автодром жабыны құрғағаннан кейін ғана тапсыруға болады.

Енді барлық мопедтердің жүргізушілері үшін жүргізуші куәлігі міндетті. Егер B санаты бар болса, қосымша құжаттар талап етілмейді.

Бұдан бөлек, осы күннен бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мопедшілерді көлік құралының жүргізушісі ретінде жауапкершілікке тартуды көздейтін түзетулер күшіне енеді. Тасжолға шыққанда олар басқа жолаушылар сияқты белгіленген барлық талапты сақтауға міндетті.

– Барлық өзгерістер мен жаңашылдықтар көлік құралдарын пайдалануды реттеуге бағытталған. Олар жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға ғана емес, мопедшілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға да көмектесуі тиіс, – деді әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Елжас Жартыбаев.

Полиция қызметкерлері мопед иелерін тіркелуге, қажетті құжаттарды алуға және оқудан өтуді алдын ала ойластыруға шақырады. Әйтпесе, 5 сәуірден бастап, тиісті құжаттарсыз мопед тебу ереже бұзушылық болып саналады және айыппұл салынатынын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button