Бас тақырыпРесми

Міндет – халыққа қызмет

23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілер күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ өңіріміздегі өз қызметіне адал бір топ мемлекеттік қызметшілерді қабылдап, салтанатты түрде кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 20 желтоқсандағы №716 Жарлығына сәйкес, 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілгені белгілі. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізіп, мемлекеттік сектордың басқару әлеуетін күшейту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру еді.

– Бұл кәсіби мереке – мемлекеттік қызметте жүрген барша азаматқа ортақ. Әрине, осы саланың қиындығы да, жауапкершілігі де мол. Соған қарамастан, біздің басты міндетіміз – аймақ дамуын алға бастыру. Себебі, мемлекеттік қызметші дегеніміз – ел тірегі. Сондықтан, біз қандай да бір шешім қабылдағанда оның арғы жағында мыңдаған адамдардың тағдыры тұрғанын түсінуіміз қажет. Бұл – үлкен жауапкершілік және бізге артылып отырған сенім. Міне, сондықтан, мемлекеттік қызметте шыншыл адамдар жұмыс істеуі қажет. Сіз бен біз таза ниетті болсақ, қоғам да таза болады, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталғанын да айта кету керек.

– Аймағымыз үшін аса маңызды басқармаға басшы болып тағайындалғаныма бір айдың мұғдары болды. Бұған дейін де 40 жылдың көлемінде ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келген едім. Ал, мемлекеттік қызмет саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келемін. Соның кейінгі 7 жылын аталған басқарма басшысының орынбасары қызметін атқаруға арнадым. Десе де, ел алдындағы аздаған еңбегім еленіп, бүгінгі марапатқа лайық деп санаған өңір басшысына өз алғысымды білдіргім келеді. Келешекте де ел игілігі жолында тиісті жұмыстар атқара беретініме сенімдімін, – деді Сағынжан Апақашов.

Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызметшілерге аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді. Жиын соңында жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button