Меруештің мерейлі кеші
Кеншілер мәдениет сарайында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызының «Саған халқым» атты Қарағанды облыстық мәслихаттың 30 жылдығына арналған концерттік кеші өтті. Кешке арнайы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, қала әкімі Мейрам Кожухов, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Жәнібек Лесбеков, «Отандастар» қорының өкілі Қалыбек Қобландин бастаған біршама зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Моңғолия мен Қытайдан да құрметті қонақтар болды.
– Арқа төрі ән-думанға бөленді. Бүгін – өте маңызды күн. Арқаның шоқтығы биік әншісінің бірі – ол Меруеш Башай қыздарыңыз. Мінекей, өмірін өнерімен қатар өрген әнші қыздарыңыз әнімен тарту таралғысын тартып, ел көңілін тасытуда. Қазақтың осындай жарық жұлдыздары барда, өнер аспанын бұлт шалмай, ұлттық құндылығымыз дами береді деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Расында, тумысынан өнерге өрлігімен келген қазақ қызының дәрежесі артып, даңқы аспандағаны Тәңір тартқан таланттың арқасы көрінеді. Сол бір қос бұрымы желпілдеп, ана алақынан ас ішіп, асыр салған бала кездерін әнші жиі еске алады. Оның айтуынша, өнер екінің біріне берілмейтін бақ. Өнер қонған жан да таңдаулы болуы керек.
– Жасымнан анам марқұм «Абыройың артып, бағың жанса, тым асқақтап кетпе. Елден үлкен ештеме жоқ. Халқыңның сөзін сөйле, өнеріңнің әділ бағасын берер солар» дейтұғын. Өнерде жүргеніме 35 жылдың жүзі болыпты. Мен өнерге адалмын деп айта аламын. Өнерге адалдығым сонша осы уақытқа дейін той кезіп, пұл үшін ән айтып көрмеппін, яғни, өнерімді сатқан жоқпын. Тек тыңдарманым мен елімнің киелі сахнасында ғана жүзім жарқын. Осында мені қолдап, ел-елден келген барша қауымға басымды иіп, алғысымды айтамын. Сіздер барда өнер жетім қалмақ емес, – деді кеш иесі.
Әсерлі басталған әсем кештің тізгінін Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі Қымбат Досжан ұстады. Ол әншінің сонау бала кездегі ән орындаушылығынан бастап, бүгінгі жетістігіне дейін тоқталып, әншінің әр кезеңіне анықтама берді. Осыдан соң кеш иесі Меруеш Башай сахна төрінде «Елге сәлем» әнін шырқап, жиналған жұртшылықтың қошеметін алды. Өнер десе, ішкен асын жерге қояр көрерменнің көбі сонша, залда ине шаншар жер болмады.
– Кешегі Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздың өрлігін мен естілігін жадында тұтқан, бүгінгі Бибігүл Төлегенова, Мақпал Жүнісова сынды әншілердің ізбасары – Меруеш Башайқызы сонау Моңғолия елінің Бай-Өлке топырағында 1974 жылы дүниеге келген. Өнер жолында 35 жыл үздіксіз еңбек етіп келеді. Тұңғыш Президенттің арнайы шақыртуымен, өз қалауы бойынша Қарағандыға қоныс аударды. Қарағанды шаһары құшақ жая қарсы алды. Ал, өнердегі еңбек жолын Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікте 2008 жылдан жалғастырып келеді. Қос елдің өнер қайраткері. Халықтың жанашыры депутат, ол елді елдестіріп, елшілік қызмет атқарып жүрген «Әр қазақ менің жалғызым» деп жүрген ұлт жанашыры, – деді кеш жүргізушісі Қымбат Досжан.
Әрине, бұл тұрғыда сөз жоқ сөздің жаны бар. Талай белесті бағындырып, әнімен алты қырды тербеткен қазақ қызына қалай десе де жарасардай. Бүгінде Меруеш Башайдың ән қоржынында қазақ халық әндері, халық композиторларымен қоса өзге елдің де әндері бар. Олар – түріктің халық әні «Хатирла Севгели», Т.Лхагвасурэннің «Алсад суугаа ээж» әндері. Тілі басқа болса да, түбі бір түркі халқының әндері әншінің бірегей болмысын одан сайын жарқын еткендей.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz