Мерейлі жүздесу

     Жер-Ана бусанып, тіршілік атаулы нұрға бөленген шақта Қарқаралы ауданының әкімі Халел МАҚСҰТОВ ардақты аналар мен аяулы аруларды мерекелерімен құттықтап, жайылған ақ дастарқан басында ақ жарма тілегін білдірді.

Мерекелік жиынға қоғамның дамуы мен Тәуелсіз еліміздің демографиялық өсіміне елеулі үлес қосып жүрген көп балалы аналар, ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігерлер, бизнес бастап, кәсіптен нәсіп тапқан кәсіпкерлер жиналды.

– «Алып та, ақын да – Анадан туады». Бұл біздің дана халқымыздың сөзі. Бәріміз Анадан тудық. Ана – өмірдің бастауы, мейірімнің бұлағы. Сіздер, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, барлық салада абыройлы жұмыстарыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген жандарсыздар. Кешегі тарих пен бүгіннің биігіне көз тастасақ, ақ жаулықты әжелеріміз бен ардақты аналарымыздың түрлі қиыншылықтарды бастан өткеріп, еңсергенін көреміз. Ауданның сан-салалы кәсібінің, тұрмыс-тіршілігінің басы-қасында қыз-келіншектердің жүргендігін де айрықша атап өту керек, – деді Халел Мақсұтов.

Сөз соңында аудан әкімі өңір экономикасының өсуіне елеулі үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген Алма Камерленова, Гүлмира Ақбаева, Светлана Клименко, Клара Қаратаева, Сандуғаш Қараманова, Динара Бижанова сынды азаматшаларға Құрмет грамота мен Алғыс хаттар табыс етті.

Дастарқан басында әсерлі әңгіме өрбіп, ардагер ағаларымыз Әбеу Омаров пен Амангелді Бабайбеков нәзік жандардың қоғамдағы тыныштық пен берекені, мейірімділік пен отбасы жылуын сақтап тұрған алтын қазық екенін жеткізді. Социалистік еңбек ері, ардақты апамыз Нұрбақыт Қабдыкәрімова, алтын құрсақты ана, «Қайран жастық» ардагерлер ансамблінің мүшесі Тұрсын Сағындықова, заң саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Мария Такишева, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Виктория Федорова, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған белді кәсіпкер Алтынгүл Жүкіпбаева, «Халық банкінің» аудандағы филиалын басқарып отырған білікті басшы Айгерім Жүбікенова аудан басшылығы тарапынан көрсетілген ізгі ниет пен сый құрметке ризашылықтарын білдірді.

Бірліктің бастауы болып, егемендігіміз еңсесін тіктеген шақта отбасының ұйытқысы ғана емес, оң өзгерістерді іске асырушы, жарқын жетістіктердің негізін қалаушы болған, ауданның қоғамдық саяси өмірінде ойып тұрып орын алған аяулы жандардың есімдері де ерекше құрметпен айтылды. «Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар» деп Елбасы айтқандай, ел тізгінін қолға алып, егеменді ел болуда әйел қауымының қосқан үлесі зор. Олай болса, оларды неге құрметтеп, ізеттілік көрсетпеске?! Ақ ниетпен жайылған дастарқанда аяулы қыздарымыз, алтын құсақты аналарымыз, кәсіпкер әпкелеріміз, ұлағатты ұстаздарымыз бас қосты. Әсем ән тыңдады. Сый-құрметке бөленді. Олар біреудің аяулы қызы, бір шаңырақтың шырайы, отбасының ұйытқысы, тынымсыз тірліктің кейіпкерлері. Бар еңбегін сөзбен айтып жеткізе алмайтын осындай асыл жандар үшін ең бастысы пейіл мен ыстық ықылас емес пе?!

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.