Жаңалықтар

Мемориалдық кешен ашылды

Ақтоғай ауданының тұрғындары Елорда күнін атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай Ақтоғай ауданы орталығында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мемориалдық кешен ашылды.

«Тарих тағылымы» саябағында бой көтерген осынау еңселі ескерткіш тақтаның лентасын аудан әкімі Салтанат Әбеуова, интернационалист жауынгер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Серікбай Оразалиннің анасы Шарбан Бекмағанбетова және Қарағанды қаласының Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер одағы қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов қиды. Шара барысында Ауған жерінде жастық шақтарын құрбан еткен боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, үш дүркін аспанға оқ атып, құрмет көрсетілді. Мерекеге жиылған әлеуметті айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімі С.Әбеуова жас қаланың 21 жыл ішінде бағындырған биік белестерін тілге тиек етті. – Нұр-Сұлтан санаулы жылдар ішінде сәулеті мен дәулеті келіскен, ірі, мәдени, рухани орталыққа айналды. Бұл – ғасырлар бойғы ата-баларымыздың елдіктің туын тігіп, ордасына айналдыруды арман еткен қаласы. Бұл – елінің жүз жылдығын емес, мың жылдығын ойлаған Елбасымыздың бабалар арманын жүзеге асырған қаласы. Еуразия кіндігінде орналасқан алты Алаштың басын қосқан қасиетті мекен. Бұл – келешегі кемел, болашағы зор жаһан жұртшылығының үлкен геосаяси орталығына айналған қала, – деді аудан басшысы өз сөзінде. Мұнан соң ауыл ардагері Жанқабыл Қызылбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мейірман Кәрібаев мерекелік лебізін білдірді. Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер одағы қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов жастарды қазақстандық патриотизм мен интернационализм рухында тәрбиелеуге белсене қатысқаны үшін аудан әкімі С.Әбеуованың кеудесіне «Ауған соғысының ардагері» медалін тақты. Сонымен бірге, Ауған соғысының ардагері Қайрат Нөкешке Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалін табыстады. Интернационалист жауынгерлер Мұрат Қақабаев, Қазыбек Ғалиханов және мемориалдық кешенді жасаған мердігер Азамат Төребеков Алғыс хатпен, батырдың (С.Оразалинның) анасы Шәрбат Бекмағанбетова «Ана жүрегі» медалімен марапатталды. Мереке орталық «Алаш» алаңында аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының «Асқақта, ажарлы – Елордам!» атты концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ, Қарағанды қаласынан келген Ауған соғысы ардагерлерінен құралған «Время выбрала нас» ансамблі әнжырдан шашу шашты. Бұл күні орталық стадионда спорттық шараларға да кең өріс берілді. Саңлақ спортшы Еркебұлан Төлегеновті еске алуға және Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай футболдан 11-ші облыстық турнир байрағын желбіретті. Жалпы, Ақтоғай ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 2449 адам қатысса, 30 өрімдей жас табиғаты да, тарихы да өзгеше Ауған соғысының жан түршігерлік қиындығының куәгері болды. Бүгінгі ескерткіштің арнайы тақтасында, Ұлы Отан соғысында қаза тақан 534 батырдың есімі тасқа қашалып жазылған.

Думан ҚАБЫЛ

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button