Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына тарихи міндет жүктелгенін айтты
Астанада бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясы өтіп жатыр. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң шығарушы органның елдің саяси жүйесіндегі маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Құрылтайдың жұмысын бастауы Қазақстанның дамуындағы маңызды кезеңнің бірі. Жаңа бір палаталы заң шығарушы орган жалпыұлттық референдумда халық қолдаған жаңа Конституция негізінде құрылды.
-Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай ұғымының қазақ тарихындағы орнына да тоқталды. Мемлекет басшысы бұрын Құрылтайларда ел үшін маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданғанын айтты.
-Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы Мемлекет басшысының қатысуымен бүгін Астанада ашылды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



