Жаңалықтар

«Адал азамат» – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы

Адалдық ұстанымы саналы адамның күнделікті таңдауы. Азаматтық мәдениеттің бір паршасы заңға құрметтен өрістейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында «Адал азамат» тұжырымдамасының темірқазығы  тәлімді тәрбиеге сүйенетіндігі айқын бедерленді.  

Сурет egemen.kz

Президент мемлекет өміріндегі әр реформаның шынайы табысы заңның әрпін өзгертумен шектелмейтінін жалпыға жасырмай айтты. Расы керек, әуелі сана жаңғырмай, ешбір жаңашылдық орнықпайды. Ізгі құндылық атаулысына еті үйренген елдің ертеңі жарқын болары белгілі.

– Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. «Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады, – деп атап өтті Президент.

Беталысымыз бос ұранға айналып кетпесі үшін, түпкі ойымызды мейлінше айшықтап көруге әрекет етіп көрелік. Жасампаздық жарлықпен бекітілмесі анық болғанымен, көңілге олқы соқпайтын ұлт ұясындағы мейірімнен көк алған әрі болмысымызға нұсқау боларлық асыл қасиеттерімізге оралу дерміз мұны бір сөзбен. Иә, есті жанның секемін селт еткізген Жолдау жолдары заң, тәртіп, еңбек, отаншылдық, әділдік пен жауапкершілік, бірлік пен ынтымақ, жасампаздық ұғымдарымен етене. 2026-2027 оқу жылында 5-7-сыныпқа «Конституция негіздері», 8-11-сыныпқа «Заң және тәртіп» курстарының енгізілуі де осы қисынның жалғасы іспеттес. Бала құқығын  да, парызын да білмек ләзім.

Ұлттық тәрбие –  болмысымыздағы қасиеттерді бүгінгі мінезге айналдыру, дегенімізде Хәкім Абайдың «Адам болам десеңіз»,  «Еңбек қылсаң ерінбей…», «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп тізген қастерлі ғақлиясы  – «Адал азаматтың» рухани тұғыры. Ұғынарлығы сол, халқымыз үшін бірлік те сол тұғырдан алшақ тұрмайды. Қадалтатыны, бала айтылған ақылдан гөрі көрген әдеттен көбірек үйренбек. Әкесі таңертең жұмысқа асықса, анасы ошағын гүлдетсе, ата-әжесі қонағына басалқы айтса, дәп сол үйде ұлттық тәрбиенің алғашқы сабағы өтіп жатыр деп ой тұжырамыз. Аймақтың білім ошақтарында «Адал азамат» тақырыбы аясында мектеп пен отбасын жалғайтын ондаған жоба жүріп жатқаны белгілі. «Бірінші ұстаз – ата-ана», «Әкелер мектебі», «Әжемнің ертегісі», «Оқырман отбасы» сияқты байыпты бастамалар, «Ғибрат», «Ұлағат», «Мейірім», «Қаһарман», «Тұмар» атты үйірмелер тәрбиені мектеп қабырғасынан сіңіріп келеді.  Мектеп – мінез қаланатын жер.

Ата-ана өзінің, ұстаз өзгенің баласын сүйеді. Жолдауда ұстаздың миссиясы да нақышталды, нақтыланды. Мұғалім балаға сапалы білім беріп, сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелейді. Артық жүктемеден арылған мұғалім ғана тәрбиеші бола алады. Президент тапсырмасын қарағандылық ұстаздар қауымы ықылас қойып, жылы қабылдады. Қарағанды экономикалық университетінде өткен кездесуде Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те ордалы ой білдірді. Депутаттың пікірінше, мұғалімдердің артық есептілігі мен қағазбастылығын азайтып, олардың негізгі жұмысына – білім беру мен тәрбиеге басымдық беру қажет. Бұл бағытта арнайы заң жобасы әзірленгенін де жеткізді спикер.

«Адал азамат» бағдарламасы барлық білім ұйымының оқыту жоспарын енді. Биылғы басымдық – «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларына берілсе, 15 мемлекеттік органның бірлескен жоспары бекітіліп, «Қамқор», «Шабыт», Smart bala, «Балалар кітапханасы» сияқты өңірлік жобалар жасөспірімдер бойына отаншылдық патриотизмді сәтімен сіңіреріне үңілтеді. Мәселен, 31 мектеп бағдарламаның біртұтас көрнекі стилімен безендірілуі көп игі жайдан ақпар береді. Қосымша біліммен 161 мыңнан астам бала, яғни өңір балаларының шамамен 92 пайызы қамтылды.

№1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Нұрлан Даниял физика мен информатикадан О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада, XVII халықаралық Еуразиялық олимпиадада, республикалық сайыстарда топ жарған.

– Бүгінгі таңда Қазақстан жастары үшін өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол. Ең маңыздысы – биік мақсат қоя білу және сол мақсатқа табандылықпен ұмтылу. Ал, мәнді мақсат отбасындағы, мектеп қабырғасындағы тәлім-мен тәрбиеден өрістейді. Ұстанымына адал азаматтың бағындырмайтын биігі қалмайды, – деп пікір қосты Нұрлан.

Озық оқушының атаулы лебізі  Жолдауда қамтылған атаулы тақырып шеңберіндегі жасөспірім тіліндегі баламасы болар.

Өңірде 33 мәдениет нысаны жөндеуден өтіп, Үштөбе мен Доскей ауылдарында жаңа клуб ашылған. Алдағы үш жылда мәдени инфрақұрылымға 72 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Қарағандыда болса, 1500 орындық Конгресс-холл салынып, «Шалқыма» концерт залы, ескі кинотеатр мен театрлар жаңармақ. Ауыл клубы баланың домбыра ұстап, кітап бетін парақтап, сахнаға шығып, өзгені тыңдау мәдениетін қалыптайтын үйренетін екінші босаға. Тәрбие университет аудиториясында да сыналады. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық университетінің IV курс студенті Айнұр Каренова өз өңірінің демалыс орындарын өркендетуді таңдаған.

– Менің ойымша, аймағымызда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Мәселен, экономикаға үлес қоса алатын демалыс орындары мен көрікті мекендер көп. Осы саланың өркендеуіне өз білімім мен күш-жігерімді жұмсауға дайынмын. Бойымызда мекеншілдік сезімі мен отанға деген сүйіспеншілігімді осылайша іске жаратқым келеді», – деді ол іркілместен.

Ұлт құндылығы  мұражай сөресінде қалмайды. «Адал азамат» бағдарламасы  баланың «Бұл – менің елім, менің парызым, отаныма адалмын, ынтымақты қалаймын» деп іштей айтқан сәтінде рухани байлыққа деген қажеттілік әсте түгесілмейді. Назар тартатыны, сәби жүрегіндегі ізгілік әредік үлкендердің өзі аңғара бермес құйтақандай әрекетінен ұялайды. Адал азамат осылай қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің».

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ, 
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button