Бас тақырыпРесми

Мекен-жай анықтамасы болмайды

Тұрғылықты мекен-жайы бойынша анықтама алу – қазақстандықтардың ең көп пайдаланатын мемлекеттік қызметтердің бірі. Жыл сайын азаматтар жұмыс орнына, мектептер мен балабақшаға, емханаларға, банк қызметтері үшін 10 миллионнан астам мекен-жай анықтамасын сұратады екен. Енді, қарашаның бірінен бастап осы анықтама мемлекеттік қызмет тізілімінен алынып тасталады. Яғни, сізден ешкімнің мекен-жай анықтамасын сұрауға құқығы болмайды.

Мұндай өзгеріс мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқарту және қағазбастылықты азайту мақсатында қолға алынып отыр. «Мемлекеттік көрсететін қызметтер тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мекен-жай анықтамаларын беру алынып тастау туралы шешімі қабылданды.

– Бұл ІІМ өз деректер базасын басқа мемлекеттік органдармен біріктіруі арқылы мүмкін болып отыр. Бұл ретте азаматтардың өздері тіркеу мекен-жайы туралы мәліметтеді egov.kz электрондық үкіметі және eGovmobile қосымшасындағы жеке кабинетінде тексере алады. Мемлекеттік органдар мекен-жай деректерін ІІМ деректер базасымен ингерацияланған ақпараттық жүйе арқылы білсе болады. Басқа ұйымдар, соның ішінде, жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Ол үшін сол азаматтан оның мекен-жай анықтамасын алу үшін SMS арқылы рұқсат сұралады, – деп түсіндірді облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Мұқанов.

Мекен-жай анықтамаларын берудің күшін жою артық қағаз айналымын қысқартады. Бұл бір анықтама алу үшін бірнеше сағат кезекте тұратын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» бару қажеттілігін жояды.

– Бұл өте жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Орынбай Аманбеков. – Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектің ұзақтығын білеміз. Уақытың кетеді, жүйкең жұқарады. Сондықтан, бірінші кезекте қарапайым халыққа ыңғайлы болар еді.

Сонымен қатар, министрлік азаматтарды тіркеуге байланысты басқа да бірқатар мемлекеттік қызметтерді жеңілдетпек. Жыл соңына дейін ІІМ «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тағы сегіз қызмет түрін электрондық форматқа өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, ІІМ халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтерінің шамамен 90 пайызы автоматтандырылатын болады.

Мамандар жаңалықтың жұмыс жасау механизмін ол енгізілгеннен кейін нақтыланатындығын ескертті.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button