Қарағанды

«Мейкатон» – мүмкіндіктер алаңы

«Дүние неткен жап-жарық,

Осындай ма еді бұрында?!» (Қасым) деп бір жарық сәулеге алданған адамзат қой… Мүмкіндігі шектеулі жандар, тіпті, мұқтажырақ емес пе? Мұны айтқызып отырған «Мейкатон» марафоны аясында өтіп жатқан «TOM: Kazakhstan» жобасы. Басында біз бұлай болады деп сенбегенбіз. Сөйтсек, біз ойлағаннан артық шықты.

Газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Қарағандыда 72 сағаттық «Мейкатон» марафоны өтуде екенін. Оған қатысушы он команда осы үш күн ішінде (72 сағат) мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдап, олардың мүмкіндігін арттыра түсетінін хабарлаған едік. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде өткен соның қорытындысына барып, жанашырлықтың небір түріне куә болып, таңырқап та қайттық.

72 сағат ішінде он команда он түрлі құрылғы жасап шығыпты немесе бұрынғы құрылғыларын жетілдіріліпті. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жанның бұрыннан бар арбасын алайық. Баспалдаққа немесе қандай да бір кедергіден көтеріп өткізбесе болмайды ғой, біз көріп жүргендері?! Мұндағы бір команда әлгі арбаны баспалдаққа көтеріліп, түсуге қабілетті қылып берген. Тек, бір адамның көмегі арқылы ғана. Бұрынғылары болса, әуелі аяқтан қалған жанды, одан кейін арбасын тасыған болар едіңіз. Ал, мынау әлдеқайда тиімдірек. Сондай-ақ, бір команда жанарсыз жандарға арнайы таяқ істепті. Яғни, көзі көрмей қалғандар таяқты алдына ұстап жүрсе, ой-шұңқырды, болмаса, кедергі келтіретін үлкен-кіші затқа жарты метрден жуық жақындаса, дыбыстық белгі береді. Көрерменнің көзінше ол да сынақтан өтті.

Нейрооңалту орталықтарында емделгенімен, жүруден қалғандарға арнайы киім тігіп, төбеден белдеу жүгіртіп, шығыршық салып, арқан түсіріп, әлгі қолайлы костюмді жіппен шандып қойып, жүруге талпындыру. Бұл тәжірибе де жасалыпты. Сол жерде сыналды. Өткен хабарымызда сондай киім тігіп жатыр деп жазғанбыз, естеріңізде болса. Бұлар шетелдерде болғанымен, құрылғыларын біздің жаққа сатып әкелу – миллиондаған қаражат.

Біз үшін жаңалық болып көрінгені – көзі жартылай көретіндердің қалта телефонына жүктелген қосымша. Мәселен, көзі толық көрмейтіндер әрбір автобустың жанына барып, нөмірін ажыратып жүргенде, қоғамдық көлік жүріп кететін жағдайға көп кездеседі екен. Соны болдырмас үшін не істеуге болады деген сұрақпен кепті бір кейіпкер. Мұндағы қатысушылар ақылдаса келе, оның қалта телефонына қосымша жүктеп берген және ол қосымша жұмыс істеуі үшін автобустарда да арнайы модем құрылғылар орнатылуы тиіс. Сонда көзі нашар көретін жан өзіне қай автобустың жақын, қайсының алыс тұрғанын қалта телефоны арқылы да аңғара алады. Ал, автобустарға орнатылатын модемнің біреуін 5-10 мың теңгеге сатып алуға болатын көрінеді. Қалада барлығы 100 автобус болса және басты құндылық адам өмірі десек, бұл – қымбат емес.

Тағы бір көмекке мұқтаж жан «аяқ киім киген сайын маған біреу көмектесуі керек, осы мәселені қалай шешуге болады?» деген екен, марафонға қатысушы бір команда құрылысы ерекше аяқ салғыш (ложка) ойлап тауыпты. Яғни, ол арқылы әлгі көмекке зәру жан, енді, аяқкиімін өзі кие алады. Мұны ойлап тапқан қатысушылар басында екі күн бойы бір инженерлік құрылғы жасап әуреге түсіп, бұл идея кейін, аз уақыт қалғанда түсіпті бастарына.

«Бізге келген мүмкіндігі шектеулі жанның екі аяғы өзінің еркінен тыс бүгіліп, жиырылып қала береді екен. Не істеу керек? «Экзоскелет» жасауға тура келді. Өзімізше жасап шықтық. Нәтижесі жаман емес. Келе-келе ол кісі аяғын басып кететіндей», – дейді «Ремедиум» командасының мүшесі, Астана медицина университетінің ІІ курс студенті Дидар Әбдіқадыр. Сонымен, «Мейкатон» марафоны төрешілерінің қорытындысы бойынша, жеңіске «Реборн» командасы жетті. Олардың жасағаны – зағип жандарға қауіп-қатерді алдын ала сездіретін құрылғы-таяқ. Команда құрамының екеуі – қарағандылық, екеуі – павлодарлық болса, біреуі – алматылық. Сондай-ақ, он команда өздерінің жасаған заттарын алдарына келген мүмкіндігі шектеулілерге сыйға тартып кетеді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button