Руханият

Мейірхан Шайтанкөлге жүріп кеткен…

Сурет:автордан

Ән-ғұмыр үзілді. Енді «Сағындым ғой» деген әнді Мейірханның жоқтауы етіп біз айтатын боламыз, шамамыз жетсе… «Сұржекей» жетім қалды, «Ақерке» мен «Жиырма бес» аңырап тұр, «Қарқаралы» қан жұтып, «Гауһартасы» іштен тынып, көз жасын көрсетпей жылайды. Ал «Шайтанкөл» ше?..

Автор.

Сауықпен жыр кешкенде, нұр кешкенде,

Өткінші өмір мәнін білмес пенде.

Кесімін келте ғұмыр тағы да айтты

Үстінен Шайтанкөлдің жыл көшкенде.

Мейрашым, Мейірханым өр тұлғалы,

Қайтейік, таба алмады дертің дәрі.

Жағаны сабалайды жылай-жылай

Шаршаған Шайтанкөлдің толқындары.

Сағынар сайран мекен, көше, қала,

Өзіңсіз көңіл енді өсе ала ма?

Шайтанкөл шат-шадыман күйін кешіп,

Мейірхан тірі еді ғой кеше ғана.

Өлген жоқ, өлсе қайтып тірілгені,

Жұбатар осы ой ғана бүгін мені.

Бетінен Шайтанкөлдің діріл көрдім:

Мейірхан салған әннің діріл-демі.

Жан едің бересің бар, аласың бар,

Сені іздеген тұр әне дара шыңда – Ар.

…Мейірхан Шайтанкөлге жүріп кеткен,

Сағынсаң содан іздеп табасыңдар.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button