Жаңалықтар

Медициналық туризмге инвестиция

    Қарағанды облысында медициналық туризмге инвестиция салынды. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея мен Қарағанды 50 млн. АҚШ доллары көлемінде ынтымақтастық туралы келісімге келді. Инвестиция аясында «Siam» сұлулық салонында «Medi-cityDaegu» медициналық ақпараттық орталығы ашылды. Бұл туралы Қарағанды қаласында өткен «Бизнес-серіктестік: халықаралық экономикалық қатынастарды дамыту» форумында жария етілді.

«Атамекен» ҰКК Іскер әйелдер кеңесі мен Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының бастамасы бойынша өткізілген бизнес-форум аясында екі меморандумға қол қойылды. Тарқатқанда, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы мен Оңтүстік Корея Республикасы Тэгу қаласының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағы мен Тэгу қаласының Өнеркәсіп департаменті арасында жасалды.

Форумда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков кеншілер аймағының инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Қарағанды облысының экономикалық мүмкіндіктерін жіліктеп берді. Сонымен қатар, осы әріптестік арқылы медицинада ғана емес, экономиканың өзге де салаларында бірлесе табысты жобаларды іске асыруға болатынына сенім білдірді.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:

– Қарағанды Қазақстанның орталығында орналасқан, аумағы бойынша ең үлкен облыстардың бірі. Сондықтан, дүниенің төрт бұрышымен байланыстың барлығы осы жерде тоғысады. «Қазақмыс» корпорациясы», «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сияқты аттары әлемге әйгілі кәсіпорындар да осында. Қарағанды көмір бассейні Қазақстандағы ең ірі бассейндердің бірі. Сонымен қатар, Қарағанды облысында шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда. Ол үшін бізде жағдай жасалып, Қарағанды қаласының аумағында «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағы әрекет етеді.

Айта кеткен жөн, Қарағанды облысы мен Оңтүстік Корея елінің арасында бұған дейін де жасалған келісімдер нәтижесінде ілкімді істер атқарылған. Мәселен, 1994 жылы Қарағанды қаласы мен Сеул қаласының Сонг Па округі арасында достық келісімге қол қойылды. 2010 жылы Қарағанды облысы әкімдігі мен Ульсан метрополиясы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени серіктестік туралы келісім жасалды. 2015 жылы Қарағанды облысында Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чо Ёнг Чон басшылығымен делегация келіп кетті.

Қарағанды облысындағы Дүйсембай учаскесінде «Қазгеология» АҚ мен «Korea Resources Corporation» арасында полиметаллдарды барлау бойынша бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. 2015-2016 жылдары далалық, геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.

«Сарыарқа» еркін экономикалық аймағында Корея Республикасымен бірлескен құбыр мен фасондық бұйымдарды шығаратын зауыт жұмыс жасайды.

Корейліктердің бұл алғаш келуі емес, былтыр «Siam» сұлулық салонында Қайырымдылық акциясы негізінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырған. Сол сапардың сәтті шығуына орай олар Қарағандының медициналық туризміне инвестиция құюды ұйғарыпты.

Сөз кезегінде Тэгу делегациясының басшысы, Тэгу қаласының Вице-мэрі Ким Ен Чан Қарағандыға келгендіктеріне қуанышты екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда медицинаның бірден-бір отаны болып табылатын Тэгу қаласының жай-жапсары туралы баяндады. Медицина саласында әлемдік деңгейде толайым табыстарға жеткен Тэгу қаласының медицинасы бүгінде көш бастап тұр.

Айталық, Тэгу қаласының өнеркәсіп департаментінің басшысы Ким Жэ Ен екі жақты әріптестікте өзара тиімді дамудың тетіктерін атап отыр. Инвестициялық тартымдылығы жоғары Қарағанды аймағының бүгінгі келбеті аталған меморандумдар арқылы жемісті боларына күмән қалдырмайды.

– «Siam» сұлулық салоны үш жыл шамасында Қарағанды қаласының тұрғындарына сұлулық және денсаулық саласында қызмет көрсетіп келеді. Осы сұлулық салонының базасында Қазақстан бойынша бірегей форматтағы «Medi-cityDaegu» медициналық ақпараттық орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты – медициналық туризм саласы бойынша білікті кеңес беру, медицина саласында тәжірибемен алмасу, медициналық жабдықтарды жеткізу және Қарағанды облысының тұрғындарына қайырымдылық акциялары бойынша диагностикалау жүргізу, – дейді «Medi-cityDaegu» медициналық ақпараттық орталығының директоры Самал Матенова.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button