Брифинг

Медициналық көмек үздіксіз көрсетілуі қажет

Сәуір айының соңындағы мәлімет бойынша облыста 1 138 991 адам сақтандырылған. Олар еш кедергісіз кепілдік берілген тегін медициналық көмекті де, міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры аясындағы қызметті де ала алады. Бірақ, бұдан қағылғандар да бар. Облыс бойынша ондай адамдардың саны – 237 мыңнан асады. Олардың дені жалдамалы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі қамтамасыз еткендер екен. 74 мыңнан астам адам осы уақытқа дейін мүлде төлемепті де.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы басшысы Фазыл Копобаев аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сovid-19 таралу жағдайында медициналық сақтандыруды іске асыру ерекшеліктеріне тоқталды.

Қорға алғашқы жарналар мен аударымдай жасала бастаған 2017 жылдан бері облыс тұрғындары 51,4 млрд. теңге аударыпты. Бұл ел бойынша жалпы аударымдардың 8,2%-ын құрайды.

Оның ішінде 37,7 млрд. теңге – жұмыс берушілердің аударымдары, қалғандары – ЖК, жеке құрылымдар мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдардың жарналары.

– Биылғы жылдың 3 айында коронавирус инфекциясымен күресу іс-шараларына қор 7,5 млрд. теңге бөлді. Оның ішінде, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақыға – 4,2 млрд. теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР зерттеу жүргізуге – 144,1 млн. теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР тестілеуге – 1,2 млрд. теңге, үйдегі стационар жұмысына – 16,7 млн. теңге, сондай-ақ, мобильді бригадалардың жұмысына – 328,5 млн. теңге бөлінді, – деді брифинг барысында Ф.Копобаев.

Бұл ретте коронавирус инфекциясы және пневмония кезінде медициналық көмекті, сондай-ақ, COVID-19 жұқтырудың ықтимал жағдайларында мобильді бригадалардың қызметтерін тегін алатынын білген жөн. Бұл МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне байланысты емес, себебі, ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, басшының айтуынша, қорға Qoldau 24/7 қосымшасы және әлеуметтік желілер арқылы емханаларда кепілдендірілген көмек көрсетуден бас тарту туралы шағымдар жиілеп кетіпті.

– Жыл басынан бері бізге 8200-ден астам өтініш түсті. Азаматтар медициналық көмек көрсетудің төмен сапасына, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне шағымданған. МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандарға кепілдендірілген тегін көмек аясында да қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайлар тіркелді. Бұл дұрыс емес. Тегін медициналық көмек пакеті адамның сақтандырылу мәртебесіне қарамастан беріледі, – деп түсіндірді Фазыл Копобаев.

Санавиациямен қоса, жедел медициналық көмек, шұғыл емдеуге жатқызу, сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар онкология, туберкулез, АИТВ инфекциясы сияқты аурулар кезінде, сонымен бірге, динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулармен есепте тұрғандарға көмек ТМККК шеңберіне кіреді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button