Жаңалықтар

Медиаторға жүгіну неліктен оңтайлы?

    Енді заң мен әділеттілік қарама-қайшы келген кезде медиатор жағдайды әділеттілік тұрғысынан шешіп, екі тарапты келісімге келуге шақыратын болады. Бұл Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қарағанды об­лыс­тық соты арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында іске аспақ.

Даулы мәселелерді шешу кезінде тараптар сот өз мүддесі үшін әрекет етті деп кінә тағып жататыны жасырын емес. Заң аясында ғана үкім шығаруға мәжбүр болатын оларға енді үшінші тарап – медиаторлар көмекке келеді. Жалпы медиаторлар бейтарап, кез келген жағдайға мүдделі емес тарап. Яғни, тараптардың қайсысының болсын көңілінен шығатын шешім қабылдауға көмектесетін адамдар.

Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылы қабылданған болатын. Осы уақыттан бастап қазақстандықтардың даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігі пайда болды.  Содан бері кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасауда.

Медиация – азаматтық қоғам институты. Ал азаматтық қоғам кез келген мәселелерді өзі реттеуге қабілетті. Сол арқылы соттардың, мемлекеттің жұмысын жеңілдетеді, баламалы негізде даулы мәселелерді шешу мүмкіндігі туындайды. Кезінде медиация туралы заң осындай рухта дайындалған. Медиация тегін және ақылы болады. Ақылы медиация кезінде арнайы білім қажет болатын болса, тегін медиацияда сотқа жеткізбей, шағын дауларды шешуге көмектесе алатын кез келген адам болуы мүмкін, – дейді, облыстық соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков.

Светлана Шардарбекова, медиация бөлімінің басшысы:

– Елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданғаннан бері айтарлықтай жұмыстар атқарыла қойған жоқ. Соттардың жұмысын жеңілдету және медиация институтын дамыту мақсатында «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанынан медиация кабинеті ашылып, жұмыс басталып кетті. Медиацияны халыққа түсіндіру мақсатында бей­неролик дайындалып, халық көп шоғырланатын орындарда, бұ­қа­ралық ақпарат құралдарында көр­сетіліп жатыр. Бөлімнің жұмыс жос­парына сәйкес, меморандумға қол қойылғаннан кейін аймақтарға шы­ғып, медиация институтын дамыту және халыққа медиация дегеннің не екендігін түсіндіру мақсатында іссапар жоспарлап отырмыз.

Медиатордың басты мақсаты – екі тарапқа оңтайлы шешім табу. Яғни, екі тараптың да көзқарасын, пікірін ескере отырып, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін адам. «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанынан ашылған медиация бөлімінің мақсаты – облыстағы медиаторлардың жұмысын үйлестіру, бағыт-бағдар беру.

Кез келген дау – сындарлы шешімге ие. Жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмысқа қатысты дауларды шешуде ақылы медиаторға жүгіну екі тарапқа да арзанға түсетіні рас.  Себебі, сотқа жүгіну арқылы адвокаттың қызметі, мемлекеттік шығындар сияқты қызметтерге төленетін құн арқылы екі есе шығынға бату кез келгеннің қалтасын көтере бермесі анық.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button