Меңгерушілерге арналған семинар
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 11-16 қаңтар аралығында кафедра меңгерушілеріне арналған «Коммуникациялардың ерекшеліктері және білім беру қызметін ұйымдастыру: мәселелері, шешу жолдары, келешегі» тақырыбында семинар өтуде. Аталған шара алғаш рет жетекшінің басқарушылық құзыретін жетілдіру мақсатында өткізіліп отыр. Семинарда арнайы шақыртылған психолог мамандар дәріс оқып, университеттің кафедра меңгерушілеріне Астана қаласындағы беделді жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді.
Шара барысында NLP коммуникацияларының тиімділігіне, заманауи психотехнологиялар арқылы коммуникацияларды басқаруға, психологиялық интерактивке қатысты мәселелер қамтылды. Жиында Қарағанды қаласының іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер, NLP Асаdemy kz негізін қалаушы, сертификатталған НЛП-шебер Жанар Қайырбек, сертификатталған
NLP-тәжірибеші, NLP-шебер, NLP асаdemy KZ негізін қалаушылардың бірі Меруерт Рақышева дәріс оқыды.
– Университет басшылығының шақыруымен алғаш рет жоғары оқу орындарында осындай семинар өткізудеміз. NLP (Нейролингвистическое программирование) академиясында түрлі тренингтер өткізіліп тұрады. Кафедра меңгерушілеріне арналған семинар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Теория және практика жүзінде өтеді. Жалпы, ЖОО-да студенттер мен оқытушылардың, ата-аналардың арасында түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Әр адам өз эмоциясын басқарып үйренсе, қоғамда жетістік көбейіп, наразылық аз болады.
Адам дүниеге келгенде бойында барлық ресурс болады. Жағымсыз жайттардан адамның біртіндеп өз-өзіне сенімділігі, қабілеті, энергиясы жоғалады. НЛП соның бәрін қайтадан қалпына келтіруге көмектеседі. Жақсы нәтижеге қол жеткізуге жол ашады. Қоғамда түрлі мәселелер бар. Біз соның алдын алуға мүмкіндік жасаймыз, – деді NLP Academy kz негізін қалаушы Жанар Қайырбек.
Іс-шара барысында қазіргі күннің өзекті тақырыптары талқыланды. Семинарда Microsoft Office 365, Платонус, Documentolog-пен жұмыс істеудің негізгі дағдылары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді ұйымдастыруға қойылатын нормативтік талаптар, ЖОО-да оқыту сапасын бағалау жөніндегі комиссияның қызметі, университетте этикалық құндылықтарды белсендіру факторы ретінде академиялық адалдық, қысқы емтихан сессиясының қорытындысы, педагогика факультетінің университет әріптестерімен ынтымақтастық тәжірибесі, міндеттері мен перспективалары туралы мәселелер қамтылды.
– Семинар университетте қызмет ететін кафедра меңгерушілерінің біліктілігін арттыруға, академиялық мәселелерге байланысты оқу процесінде әртүрлі әдістерді қолдануға, білім беру процесінде кезігетін мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталды. Бұл жиын университеттегі кафедра меңгерушілеріне арналды. Білім саласындағы өзгерістерді білу, үйрену, жұмыс барысына енгізу үшін де осындай семинарларды жиі өткіземіз. Әрбір басшы бір-бір кафедраны басқарып отырғаннан кейін, әртүрлі контингент, әртүрлі студент және ата-ана бар. Олардың әрқайсысымен тіл табыса білу – оқу процесінің бір бөлігі. Сондықтан, біз осындай семинарды өткізуді қолға алдық. Университеттегі кафедра басшылары ротациялаудан өтіп, екі жылдың ішінде барлық кафедра меңгерушілері ауысты, – деді Бөкетов университетінің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі – проректор Талғат Жүсіпбек.
Талғат Зыпарбекұлының айтуынша, мұндай шара болашақта да жалғасады, дегенмен басқа форматта өткізілуі мүмкін. «Алдағы уақытта шараны біліктілікті арттыру курстары, форум ретінде өткізіп, жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы кафедраларға мазмұнға сай тақырыптарды бөліп қарастырамыз», – деді ол.
Семинар 16 қаңтарға дейін жалғасады. 13 қаңтарда қатысушылар тәжірибе алмасу және басқа оқу орындарында теорияның практика жүзінде қалай іске асып жатқанын көру мақсатында Астана қаласындағы Назарбаев университетіне және Қазақ гуманитарлық заң университетіне барды.
16 қаңтарда семинар қорытындыланып, қатысушыларға сертификат беріледі.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»