Әмбебап Ерғазы

Айбары асқақ Астана мерекесінің соңын ала Металлург күні жұрт мерейін тасытады. Балқаштықтар үшін де бұл мейрамның бәсі бөлек.

Республикамыздың түсті металлургия тарихына көз жүгіртер болсақ, Балқаш мысы мемлекет қайраткері Д.Қонаев басқарған Қоңырат кенішінен қорытылып, 1938 жылы қарашаның 23-інен 24 — іне қараған түнде алыныпты, естелік құймасы Мәскеудің Революция мұражайында сақтаулы делінген. Ал, Балқаш молибдені соғыс жылдары әр 10 танкінің 6-ының бронына қосылып, оқ өтпейтін қалқан болыпты. Соның дәйекті айғағы қаламызда ескерткіш тұғырда тұрған «Т-34» танкі екен. Сондайақ, кітапта қаламызда әр кезеңде қызмет жасаған түсті металлургия мамандары, партия, совет, мәдениет қайраткерлері, лениндік және мемлекеттік сыйлық лауреаттары, Еңбек Ерлері, қаланың Құрметті азаматтарының өмірбаяндары мен суреттері берілген екен, яғни, республика түсті металлургиясының өсіп-өркендеуіне Балқаш кен-металлургия комбинатының қосқан үлесі орасан зор. Қала құрылысының жарымына пара-пар комбинат аумағына бас сұқсаңыз, қайнаған еңбек, әр цехтың өз әуені бар,түрлі техникалар үнінен құлақ тұнады. Темірдей тәртіп. Бұл – кешегі түйе арбамен жүріп, осыдан 80 жыл бұрын қазығын қаққан комбинатымыздың өркениет көшімен үндесіп жатқан бүгінгі тынысы. Өмір бір орнында тұрмайды. Өмір тынымсыз, қоғам қозғалыста. Тіршілік дөңгеленіп, тынымсыз қозғалыс болған жерде бәрі де алмасады. Іздей келген кейіпкерімізге жолығу үшін де сүт пісірім уақыт жоғалттық. 80-жылдардың басынан осы мерзімге дейін эксковатор машинисі мамандығын мінсіз атқарып келе жатқан Ерғазы Тұрлыбеков жайлы әріптестері бозбала күнінен осы зауытта шыңдалған, жолдастыққа берік, өз ісінің әмбебабы деп атады. Өз ісіне мығым, байыпты да орнықты еңбек адамы екенін Ерекеңнің өн-бойынан бірден аңғаруға болады. Ерекеңмен жолығуға кеңес берген ЦПШ басшысы Жанат Иманбеков те қарапайым еңбек адамының сала жұмысындағы салмағына аз-кем тоқталған болатын. Ерекең комбинатқа кездейсоқ келмепті. Бұл кәсіпті жүрек қалауымен таңдаса керек. Жалпы, Ерғазының әулетінің тыныс-тіршілігі комбинат өмірімен тікелей байланысты десе болғандай. Әкесі Молдыбай еліне сыйлы, қатарластарынан озық, Қоңырат кенішінің соғыс жылдары белді де беделді ұстасы болыпты.

– Экскаваторшы болуыма да әке кәсібінің септігі тиген болар, әкей экскаватор тісін соғатын ұста болыпты, – деп әдемі әзілімен әңгімесін жалғады Ерғазы. 1978 жылы №25 Ы.Алтынсарин мектебін бітірген соң аталмыш кеніштегі СПТУ-36-дан машинистэкскаватор мамандығын алады. 1981 жылдан осы мерзімге дейін бір орында, қара көрсетіп, қара көбейтетіндер қатарынан емес. Ал, өз мамандығына беріліп, бар ынта-жігерімен атқару – ол бір төбе. Жалпы, зауыт жұмысының шет жағасын естиміз, жылдың әр мезгілінде күн демей, түн демей ауысым қуалап, еңбек ету оңай шаруа емес сынды. «Мен істедім дегенше, көп істеді десеңші» дегендей, өзін ғана жария етіп жазатынымызға қысылды ма, қайта-қайта әріптестерін атай берді. Біз де бұл кішіпейілділігіне разы болыстық. Берікбол Усеров, Тахир Мамеков, Қайып Бабаков мамандықтарының маңызын арттырып, бригададағы қоса шыңдалған әріптестері болса, өз кәсібіне баулып жүрген шәкірті Асылбек Хаджибаев – ағалары үміт күтер білікті болашақ маман. Өз мамандығының майталманы Ерғазы Молдыбайұлы мен жары Света немере бағып отырған ата-әже. Ұлдары Ернар да алғаш техникумда дәріс алып, кейін жоғары оқу орнын тауысқан, осы бөлімде еңбек жолын бастап, шеберден биылғы жылы учаске бастығына жоғарылапты. «Әке көрген оқ жонар» деп осындайда айтылса керек-ті. Қызы – Гүлнар балабақша қызметкері, кіші ұлы – Ерқанат – ТЖМ маманы. Ерекең де еңбегінің арқасында абыройға кенелді. Корпорация, әкімдік, “Нұр Отан” партиясы, кәсіподақ ұйымдары арқылы мақтау-марапаттардан да шет қалмады. 2007 жылы «Еңбек ардагері» орденін иемденсе, 2013 жылы III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, биылғы жылы мерейлі мереке қарсаңында II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ұсынылып отыр. Әрине, бұл бірінші кезекте ұжым сеніміне ие болғандықтан. Сондай-ақ, қала, облыс әкімінің құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, корпорация тарапынан сан мәрте қаржылай сыйлықтар иеленген. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстың игілігін көзбен көру деген де осы шығар. Ел сенімін арқалаған Ерекең сынды ер азаматтардың еңбегін ұрпағы да мақтан тұтары сөзсіз.

 Қазбек Ештанай.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.