“Мағжан жастары” топ жарды
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай аймақ жастары арасындағы «ДАРАБОЗ» интеллектуалды-танымдық ойынының III іріктеу кезеңі ZOOM платформасында онлайн форматта өтті.
Шара жас ұрпаққа адамгершілік және интеллектуалды тәрбие беру, жеке тұлғаның рухани қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру һәм жастарды әдебиет оқуға баулу мақсатын көздеді. Оған №104 мектеп-гимназиясының «Жалын» тобы, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия атынан «Мағжан жастары» тобы, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының «Алаш жастары» тобы қатысты. 3 айналым бойынша өткен интеллектуалды-танымдық ойынның І айналымында қатысушылар өз тобын таныстырды. ІІ айналым теле-таблоны пайдаланып, «Тәуелсіздік жолында», «Қазақ әдебиеті», «Айтулы даталар» тақырыптары бағытындағы сауалдарға жауап берді. ІІІ айналымда қоғамда орын алып жатқан тақырыптарға өз пікірін білдірді. Сондай-ақ, жиында «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ…» XI республикалық Қасым оқулары «Жас дәурен» номинациясының Бас жүлде иегері Айбек Рымғали Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін әуелетті. Қазылар алқасының шешімімен үшінші іріктеу ойынының жеңімпазы М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның «Мағжан жастары» тобы 2021 жылдың желтоқсан айында өтетін ақтық ойынға жолдама алды. №104 мектеп-гимназиясы атынан қатысқан «Жалын» тобы мен әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының «Алаш жастары» құрамасы Алғыс хатпен марапатталды.
Жәлел ШАЛҚАР.