Руханият

Мағжан салған алтын көпір

Қарағанды облысының білім басқармасы, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес Қарағанды қаласының Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясында қазақ-түрік баласына ортақ Мағжан мұрасын қайта жаңғыртып «Мағжан Жұмабаев «Педагогикасы» және ұлттық тәлім-тәрбие»  атты облыстық педагогикалық құрылтай өткізді.

Аталған құрылтайға 200 адам офлайн режимінде, 200-ге тарта адам онлайн қатысты. Төрт бағытты қамтыған құрылтайдың басты мақсаты – Мағжан мұрасының тәрбиелік мәнін жаңғырту. Атап айтар болсақ: Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың мәні, Алаш идеясы – Жаңа Қазақстанның тұғыры, Мағжанның «Педагогикасы» және ұлт тәрбиесі, Мағжан психологиясы және қазіргі психология.

Осыған орай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Ботпайұлы «Мағжан Жұмабайұлының нақыл сөздері» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова «Қазақ» газетіндегі тарихтың өзекті мәселелері» тақырыбын назарға ұсынды.

Сонымен қатар, ҚР Дарын жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Елдос Тоқтарбай «Анадолыдағы алаштану мәселесі: зерттеу, насихаттау» тақырыбында тұшымды ой білдірді. Ал, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті шет тілі кафедрасы түрік тілінің аға оқытушысы Asuman Еrgün «Kardeş Okul Projesi/Türkiye» тақырыбында түрікше баяндама оқыды. Баяндамада қазақ-түрік қандастығы туралы һәм ата-баба аңсаған арманы бір болғандығы туралы айтылған. Осыдан соң, Түркия мектебімен меморандум жасалды.

Сондай-ақ, «Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың мәні» бағыты бойынша барлығы 71 жұмыс келіп түсті. Оның арасында 11 автордың жұмысы үздік деп танылып, секциялық отырыста қорғауға жіберілді. Қорғалған жұмыстардың ішінде I орынды Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Г.Әкімбекова иеленсе, II орынды М.Жұмабаев атындағы гимназия ұстазы А.Монтаева алды. Қызылтау негізгі орта мектебінің мұғалімі Г.Сағымбекова III орын иеленді. Жеңімпаздар дипломдар мен Алғыс хатқа ие болды.

«Алаш идеясы – Жаңа Қазақстанның бағыты бойынша 87 мақаланың ішінен 13 үздік жұмыс қорғалып марапатталды. №2 мектеп оқушысы Ілияс Гаухар І дәрежелі дипломмен, ІІ дәрежелі дипломмен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушысы Карина Аянат марапатталды. Ал, Балқаш қаласы №5 мектеп оқушылары Мұрат Сұлтан, Жұмағали Мерұлан ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Сондай-ақ, шара барысында «Мағжан сенген өрендер» атты Мағжан гимназиясының жаңа әнінің тұсауы кесілді. Туындының сөзін гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мөлдір Әлжанова, әнін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қанат Мерсалимов жазған. Көркемдік жетекшісі М.Жұмабаев атындағы гимназияның музыка пәні мұғалімі Толқын Медеубаева.

Құрылтай жас ұрпаққа берері мол құнды дүниелерге толы болды. «Мағжан педагогикасы» қазіргі таңдағы мұғалімге өте қажет құрал, ал Мағжанның шығармалары оқушылардың ұлттық рухын көтеріп, ата-анаға көмекші болар таптырмас қалып.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button