Тұсаукесер

Мағауия есімі мәңгілік

Балқаш қаласында қазақтың шертпе күй өнеріне қанат бітірген, ілкідегі күйшілердің мұрасын саф қалпында жеткізген дәулескер күйші Мағауия Хамзин атындағы музей-кабинет ашылды. Күйшінің өмірі мен өнерінен сыр шертер мұражай мәдениет сарайының екінші қабатынан орын тепті. Музейде күйшінің домбырасы, шапаны, портфелі, жеке фотоаппараты, патефоны мен құжаттары қойылған.

Айтулы шараға шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков, күйшінің тұңғыш қызы Майра Сүлеева қатысты. Мұражай кабинетінің ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары аясында өңірде көптеген игі істер жасалып жатқандығын атап өтті. Қазақтың асыл мұрасы – күйшілік дәстүрді насихаттауға, дамытуға, күй өнерін зерттеуге көп үлес қосқан тұлға туралы толымды ойын жеткізді. Әкенің асыл мұрасын көрермен назарына ұсынып жатқан балқаштықтарға күйшінің қызы Майра Сүлеева ризашылығын білдірді.

– Мен бүгін ерекше тарихи күнге куәгер болып тұрмын. Өмір бойы жанына серік болған әкемнің заттарының ішіндегі ең құндысы домбырасы болатын. Экранда көрсетілген фильмде дәл осы домбырамен күй шертіп отыр екен. Әлі есімде, Алматыда өткен Республика сарайындағы соңғы концертінде де осы аспапта күй шертті. Қатты ауырған сәтінде де домбырасын тастамады. Әкем өте шебер адам еді. Аспап жасап, жомарттығымен сыйлап жіберетін. Бұл жерге қойылғанның барлығы үйімізден алынған жеке заттары. Жәдігерлер әкемді есіме түсірді. Әкемнің мұрасын насихаттап жатқан балқаштықтарға алғысым шексіз, – дейді Майра Сүлеева.

Айта кетейік, былтыр Алматыда «Мағауия Хамзин мұрасы» аталатын мұражай ашылған болатын. Биыл Балқаш қаласында игі шараның сабақтасқанын ұйымдастырушылар жақсылыққа балап отыр. Сонымен қатар, осымен 10-шы рет Балқаш қаласында ұйымдастырылған күйші атындағы «Күй – құдірет» аймақтық күйшілер байқауының бас жүлдесін өнертану ғылымдарының магистрі, талантты күйші Манап Анықбеков иеленді. Төл өнердің тамырына қан жүгірткен Мағауия Хамзинның өшпес туындылары жылдан-жылға жақұттай жарқырай бермек.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button