Мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден бір реттік көмек беріледі
«Birgemiz» қоғамдық қоры ең мұқтаж азаматтарға 50 мың теңгеден бір реттік көмек береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған қорға кәсіпкерлер мен жеке адамдардан 13,46 млрд.теңге қаражат жиналған. Ол ақша еліміздегі 23 қалаға бөлінді.
Қордың облыстық филиалының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ләззат Қожахметованың хабарлауынша, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына 683 млн. теңге берілмек. Бұл қаражат осы үш қалада тұратын аз қамтылған тұрғындарға 50 мың теңгеден бір реттік көмек ретінде беріледі. Олар көпбалалы отбасылар, І топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған тұрғындар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС және тыл ардагерлері.
“Қарағанды облысының үш қаласын бойынша 13 674 адам 50 мың теңгеден алады. Оның ішінде АӘК алушы 602 көпбалалы отбасы, І топ мүгедегі болып саналатын 4276 адам, 4549 зейнеткер, 670 жетім бала, 826 ҰОС ардагері және 10 тыл ардагері бар. Тізімді жергілікті әкімдік ұсынды, бекітілді. Қаражат 15 сәуірге дейін шотқа түседі”, – деді Ләззат Қожахметова.