Білім

Ұлылардан тағылым алған ұрпақ

«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы және Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ұйымдастыруымен аталған мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында «Алаш ұлыларының тағылымы – ұрпаққа өнеге» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қарағанды өңірінің аудан, қалаларынан 121 оқушы қатысып, бағын сынады.

Ғылыми-тәжірибелік конференция ұлт санасын жаңғыртуда Алаш зиялыларының өмірі мен өнегесін насихаттау арқылы оқушылардың бойына рухани және ұлттық құндылықтарды дарыту, ұлы тұлғалардың қазақ халқының тарихы мен әдебиетіне қатысты еңбектерін зерттеп, зерделеу және Алаш зиялыларының өмір жолын, қызметін насихаттау арқылы жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

– Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында бұл конференция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл Алаш ұлылары – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойына арналды. Оқушылар конференцияға Қарағанды, Теміртау, Приозерск қалаларынан, Шет, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарынан келіп қатысты. Алаш тақырыбы қай кезде де өзекті, құнды. Оны зерттеген сайын тың дүниелер табыла береді. Әлі де болса, осы тақырыптың ашылмай жатқан тұстары көп. Оқушылар Алаш тарихын білсе, өзіндік үлесін қосса деген мақсатта осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізіп отырмыз. Бірақ зерттеудің тетігін таба білу де – зор ізденіс, жетістік. Сондықтан оқушылар мен жетекшілерге әлі де іздену керек. Оқушыларға баға берген қазылар алқасы да осыны айтты. Ғылыми жұмыс болғандықтан, онда жаңашылдық, жаңа пікірлер, жаңа көзқарас болуы қажет, – деді «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Әсел Түсіпбаева.

Шара төрт бағыт бойынша өткізілді. Бірінші «Қазақ мемлекетінің құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің идеясы» тарих бағыты бойынша оқушылар ғылыми жоба қорғады. Келесі «Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы – ұлт зердесі» бағытында оқушылар әдебиет пәні бойынша ғылыми жоба қорғап, тың мәліметтер ұсынды. Одан кейінгі бағыт бойынша «Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін» сайысында оқушылар ұлылардың өлең-жырларын мәнерлеп оқыса, «Жалынмын мен жанамын…» бағытында Алаш зиялыларының шығармашылығынан сахналық көрініс қойып, ән шырқады.

Оқушылардың жұмыстарына баға берген қазылар алқасының құрамында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің профессор-оқытушылары, өңірлік колледждердің және Назарбаев зияткерлік мектебінің пән мұғалімдері бар. Конференцияның шығармашылық бағытына Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінен, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінен, С.Сейфуллин театрынан өнерпаздар арнайы шақырылып, оқушылар өнерін бағалады.

«Қазақ мемлекетінің құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің идеясы» бағытында Шет ауданы Жарық ЖББ мектебінің 10-сынып оқушысы Алтынай Кенішова және Ақжал кенті Ақжал негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы Алуа Сейіт бас жүлдеге ие болды.

«Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы – ұлт зердесі» бағытында Теміртау қаласы №2 ЖББ мектебінің 9-сынып оқушысы Айкен Сәрсенбаева әдебиет пәні бойынша ғылыми жоба қорғаудан І орын алды.

«Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін» бағыты бойынша мәнерлеп оқу сайысында Жамбыл атындағы ММЛИ-дің 9-сынып оқушысы Аяулым Ниханбаева бас жүлде иеленді.

«Жалынмын мен жанамын…» бағытында сахналық қойылым қойған Қарағанды қаласы №82 ЖББ мектебінің 9-сынып оқушыларының өнері бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал ән орындау бағытында бас жүлде Қарағанды қаласы Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің 9-сынып оқушысы  Бекжан Әбдікеровке бұйырды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button