Білім

Ұлы жолды еңсерген ұстаз

Кей адам белгілі бір мамандықты меңгеріп, қыр-сырына үңіліп, өмірінің соңына дейін сол мамандыққа адалдығын танытады. Кей адамның сөйлеген сөзінен, жүрген жүрісінен қай саланың маманы екенін жазбай танисың. Ондайда «Осындай мамандыққа Алланың өзі жаратқан екен» деген ой түйесің. Сондай ізгі жанның бірі – 38 жыл ұстаздық еңбек еткен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сабира Күлпейісова.

 

Иә, дәл солай, мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу – оңай мамандық емес, қиыны мен қызығы қатар жүретін қасиетті мамандық. Осынау мамандықтың иесі болған Сабира Күлпейісова 1984 жылы Алматы қаласында Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетін аяқтады. Сол жылы Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, Ақши ауылында еңбек жолын бастады.

«Жас келсе – іске» демекші, институт қабырғасында алған білім нәрін бала бойына бере білді, шәкірт тәбиелеуде аянбай тер төгіп, тынымсыз еңбек етуінің арқасында қаншама шәкірттің жүрегіне жол тауып, олардың алғысына бөленді. Алғаш мен жас маман болып, Қарағанды қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке орналасқаннан бері маған тәлімгерлік етті. Енді ғана көктеп келе жатқан жас бұтақтың қисаймай өсуіне себепші бағбан, шәкірттің жүрегіне жол тауып, олардың бойына даналықтың, жақсылықтың, ізгіліктің дәнін себе білген ұстаз болды.

Әр баланың пәнге деген қызығушылығын ояту – мұғалімнің қабілеттілігінде. «Жай мұғалім хабарласа, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» демекші, Сабира Ізбасарқызы жалқаулықты білмейтін, шаршағанын сезбейтін, уақытын аямайтын, өзінің бар білімін оқушыға үйретуден аянбайтын ұстаз. Тіпті, оқушылары да ұстаздың білгенінен де көп білсем екен деп армандайды.

Ұстаздың білім жолындағы жетістіктері жетерлік. Шәкірттері – қала, облыс, республика көлемінде әртүрлі сайыстардың жүлдегерлері, грант иегерлері. Ұлттық бірыңғай тестілеуден де үнемі жоғары нәтиже көрсетеді. Өзі де ерінбей әлі күнге дейін баспа беттеріне мақала жазып, бар білгенімен, тәжірибесімен бөлісіп отырады.

Сабира Ізбасарқызы ұстаздық жолда отыз сегіз жыл еңбек етті. Биыл бейнетінің зейнетін көріп, құрметті еңбек демалысына шықты.
Биыл зейнетке шыққан ұлағатты ұстазға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілеймін. Шаңырағыңыз немерелердің күлкісіне толсын, бейнетіңіздің зейнеті ұзағынан болсын! Шәкірттеріңіз аламанның алдында жүрсін.

Толғанай СЕЙІТЖАНОВА,
ұстаз-шәкірті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button