Ұлы мұратқа ұмтылған ұшқыр қиял
«RoboLand» инновациялық технологиялар фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналды. Ақтоғай ауданының білім бөлімі биылғы «RoboLand-2023» VIII халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне аудандық іріктеу кезеңін өткізді.
Оқушылар «Шығармашылық», «Шағын футбол», «Сумо», «Робогеометрия», «Кегельринг-квадро х 2», «Лабиринт» деп аталатын алты санат бойынша жарысты. Фестивальге ауданның барлық мектептері белсене қатысты.
– Осындай іріктеу жарыстарына қатысу балаларға мол тәжірибе береді. Оқушылар өз қатарластарына қарап, мотивация алады. Яғни, шара техникалық шығармашылық дағдыларын ғана емес, бала бойында көшбасшылық қасиеттерді де дамытады, – дейді аудандағы қосымша білім беру орталығының директоры Медет Омарбеков.
Жүлделі орынға ие болған командалар кубок және медальдармен марапатталды. Басқа қатысушы командалар сертификаттар мен дипломдарға ие болады. Атап өтетін болсақ, «Шығармашылық» санаты бойынша І орынды К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебі (РО) командасы иеленді. «Шағын футбол» санатында Шашубай кентіндегі мектеп-бөбекжай кешені тірек мектебінен келген команда жеңімпаз атанды. «Кегельринг-квадро х 2» санатында осы білім ордасының тағы бір командасы жеңді. «Сумо» санатында жеңімпаз болған – Қошқар тірек мектебі (РО) командасы. «Робогеометрия» санатында қосымша білім беру орталығының командасы биіктен көрінді. Сондай-ақ, «Лабиринт» санаты бойынша бірінші орын Ж.Кеңесбаев атындағы ЖББМ командасына бұйырды.
Жеңімпаз командалар келесі кезеңге жолдама алып, ауданымыздың атын халықаралық деңгейде қорғайтын болады. Қорытынды кезең 3-4 қарашада Қарағанды қаласында өтеді.
RoboLand – техникалық шығармашылық және жаңа технологиялардың ең ауқымды форумы. Қазақстандағы алғашқы және үлкен робототехникалық жоба саналады. Ол алғаш рет Қарағандыда 2015 жылы өткізілді. Содан бері педагогтер үшін маңызды шараға айналды. Себебі, ол Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалар мен конкурстар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар, халықаралық мәртебеге ие болғанын ерекше атап өту керек. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия, Польша, Италия, Греция елдерінен келген командалар былтыр Қарағанды алаңына жиналды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz