Ұлық ұлыс қалай ұлықталады?

Биыл Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толмақ. Бір замандағы алып империяның бүгінгі мұрагері – Қазақстан Республикасы. Сондықтан да, елімізде Ұлық ұлыстың мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Жошы хан есімін ұлықтау, Ұлытауды халықаралық этнотуризм орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар да бар.

750 жылдықты атап өту барысында Қарағанды облысына зор міндеттер жүктелмек. Өйткені, Ұлық ұлыстың кіндігі – Ұлытауда Алтын Орда дәуіріне тиесілі алты жүзден астам тарихи-архитектуралық жәдігерлер бар. Басқасын былай қойғанда хандардың ханы Жошының мазары мен мемлекеттің алғашқы астанасы Сарай Базар қалашығының өзі бір төбе емес пе?! Әрі үш жүздің баласы осы қасиетті жерде бас қосып, Қазақ хандарын ақ киізге көтеріп отырған. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту барысында Ұлытауды халықаралық этнотуризм орталығына айналдыра отырып, халқымыздың бай мұрасын әлемге танытудың жаңа жолдарын іздеуге айрықша маңыз берді. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Асқар Маминге Жошы ханды ұлықтау және мерейтойды өз деңгейінде атап өтуге дайындық барысы туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Премьер-Министрдің айтуынша, елімізде Жошы ханды ұлықтау жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, Елорда көшелерінің біріне Жошы хан есімін беру, Қарағанды қаласында және Ұлытау ауданында ескерткіш орнату, хан мазарының айналасын абаттандыру және инфрақұрылымды жақсарту. Сондай-ақ, Ұлытаудың туристік әлеуетін дамыту үшін «Алтын Орда» экспедициясы ұйымдастырылып, Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің және басқа да мәдени ескерткіштер аумағында визит-орталықтар мен этноауыл құру жоспарлануда. Бұдан бөлек, тарихи орындардың туристік маршруттары әзірленіп, кемпингтік тұрақтар мен санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады. Қазіргі таңда Ұлытаудың басты мәселесі – жол. Тарихи орындарға жетудің машақаты көп. Алдағы уақытта бұл мәселе де оңтайлы шешімін таппақ. Облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берген аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек 2020 жылы аудандағы киелі жерлерге апаратын жолдардың жөнделетінін айтқан болатын.

Тарихи орындарға туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстарға бюджеттен 4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, келешекте Ұлытауға әуе рейстері де ашылуы мүмкін.

Қазір Ұлытау ауданында туристік визит-орталық пен жаңа мұражай құрылысы салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 546 млн. теңге. Визит-орталықтың құрамына ақпараттық блог, экспозициялық зал, кітапхана, жүк сақтау камералары және 30 орындық жатақхана мен асхана кіреді. Бұл демалушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал, қызмет сапасы жоғары болса, туристердің де легі арта түсері анық. Осы орайда, соңғы екі жылда Ұлытауға келген туристердің саны бірнеше есеге артқанын да айта кеткен жөн. Мәселен, 2017 жылы 11 мың адам келсе, былтыр бұл көрсеткіш 24 мың адамға жеткен.

Бұдан бөлек, аймақта Алтын Орда дәуіріне қатысты тың деректерді анықтау бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта тарихи ескерткіштер туралы көркем фильм түсіріліп, ғылыми-танымдық жинақ шығару жоспарлануда.

Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге қатысты жұмыс жоспары әзірленіп, Үкіметке жөнелтілген. Бірақ, әзірге бекітілмепті. Жоспар бекітілгенде атқарылар жұмыстардың ауқымы да анықталмақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ