Ұлы даланың жастары бас қосты
Қарқаралы ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыру және жастар орталығының бастамасымен аудан жастарының «Мәңгілік ел жастары» атты форум өтті.
Аудан жастарының басын қосқан форум алдымен, кәсіпкерлікті бастау және дамыту, аудандағы еріктілер желісін дамыту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастар саясатын жетілдіру тақырыбындағы секциялық жұмыстармен басталып, аталмыш тақырыптар аясында өзара пікір алмасып, тың ойлар айтылды.
Форум барысында, қазақ халқының маңдайына біткен данасы мен дарасының туған мекені, табанының ізі тиген киелі өлке жастарының да сан салада тың ойларымен, тынымсыз еңбектерімен жетістіктерге жетіп жүргендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жалпы, жастар саясатын дамыту, жастардың жарқын болашағымыз, кемеле келешегіміздің кепілі екендігі Елбасының әр жыл сайын Қазақстан халқына арнайтын жолдауынан тыс қалған емес. Қандай жағдай болса да үнемі жастарға қамқорлық танытып отыратын ел ағалары жетерлік. Осы орайда, аудан әкімі Халел Мақсұтов ауданда жастар саясатының қалай жүзеге асырылып жатқандығын айтып, марапаттаулар жасады. «…Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы басшылығының арқасында жастар саясаты үлкен қолдауға ие. Жалпыұлттық жобалар ретіндегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламалары соның айғағы.
Айта кету керек, кәсіпкерлік саласына ден қойған жастарымыздың көбеюі қуантады. Сондықтан біз, биылдан бастап, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында Қарқаралы ауданы әкімінің грантын беру жобасын іске қостық. Биылғы жылы жастардың кәсіпкерлігін қолдау және дамыту үшін облыс әкімінің грантын ауданымыздың 2 жас азаматы алды. Жалпы, 2013 жылдан ауданымыздың 14 жасы Қарағанды облысы әкімінің ауылды жерде жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау грантының иегері атанып, барлығы 4,5 млн. теңге жеңіп алды. Сондай-ақ, биыл Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен “Жастар корпусын дамыту” жобасы аясында Қарқаралы ауданының жастары 9 жоба ұтып алып, ауданымызға 15 млн. теңгеге жуық инвестиция тартуда. Бүгінгі таңда Қарқаралы ауданындағы жастардың саны 8 848. Бұл дегеніміз ауданның әрбір төртінші тұрғыны жас азамат болып табылады, немесе аудан халқының – 26,7%-ы. Жастардың негізгі бөлігі, яғни 76,6%-ы ауылдық жерде тұрады, ал қалалық жерде тұратындары 23,4%. Бүгінде, жастар ресурстық орталығы ауданда жастар саясатын дамытуда, жастарды ұлттық бағытта тәрбиелеу, қазақы дәстүрге негіздей отырып, ұлттық спорт түрлері сияқты мәдени-сауықтыру мақсатындағы шараларға тартуда ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мәселен, Жастардың ұйымдастыруымен 2015 жылы ұлттық ойындарымыз «Жамбы ату» сайысы, 2016 жылы «5 сайыс» біріншілігі жоғарғы деңгейде өтті. Жастардың әрбір санатын қамтып отырған шағын футболдан, баскетболдан Қарқаралы аудандық Лигасы құрылды. Ауданда «Jasтар» атты еріктілер желісі құрылып, жастар саясатының дамуына өзіндік үлес қосуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі ретінде, Қарқаралы ауданының жастар ресурстық орталығы 2016 жылы облыста үздік деп танылып, облыс әкімінің «Қайнар» сыйлығының иегері атанды. Біз де өз кезегінде аудан әкімінің “Сұңқар” жастар сыйлығын беруді дәстүрге айналдырдық. Осы арада, айта кетуіміз керек, ауданның 5 жас азаматы Астана қаласында өткен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде еріктілер тобында болып, әлемдік деңгейде өткен шараға өз үлестерін қосып келді. Бұл да біздің ауданда кейінгі жастарға үлгі болатындай білімді, белсенді жастарымыздың көп екенін айғақтайды» деп, аудан жастарының ұйымшылдықпен атқарып отырған жұмысын айтып өтті.
Сайып келгенде, аудан жастары кәсіп көзін ашуға ынталы, осы орайда, аудан жастарының кәсіпкерлігін қолдау және дамыту мақсатында аудан әкімінің гранттары табыс етілді. Жас та болса, бас болып, ақылы мен жігерін қосып, елге қызмет жасап жатқан жас кәсіпкерлер бейнебақылау жүйесін жоспарлау мен монтаждау ісін қолға алған Жасұлан Игішевке 200 мың теңге, әлеуметтік дүкен жұмысын ұйымдастырушы Шыңғыс Құсайынға 280 мың теңге, велосипедттерді жалға беру жұмысын ұйымдастыру жобасы үшін Лаура Саматқа 150 мың теңге, жылыжай шаруашылығын дамыту жобасы бойынша Жандос Қонысбаевқа 230 мың теңге, «Автобаза» қонақ үйінің мүмкіндіктерін кеңейту жобасы аясында Мадияр Шамшиевке 340 мың теңге, монша жұмысын ұйымдастыру ісін қолға алған Сұлтан Шәймағанбетке 200 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Осы форумға арнайы келген республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев қасиетті мекенге алғаш келгендігін айтып, тұмса табиғатты көріп, тебіренісін жасыра алмады. «Шежірелі өлке, қазыналы өңірді мекендеген жастарда арман бар ма? Осы бір қолда бар байлықты бағалап, қандай кәсіпті болсын дөңгелетіп әкетуге зор мүмкіндік бар бұл жерде» деді ол. Ал, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіт «Биылғы жыл ерекше жыл. Ең алдымен, бұл рухани жаңғыру жылында бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын республика көлемінде, халықаралық деңгейде зор абыроймен өткердік. Әрине, осының бастауында тұрып, ұйымшылыдықпен өткізген Қарқаралы ауданының халқы. Сондықтан, осы іс шараларды лайықты деңгейде өткізген сіздерге облыс жастарының атынан алғысымды айтамын. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданының жастары жастар саясатын жүзеге асыруда лайықты жетістіктерге жетіп жүр. Облыс деңгейінде қазір 9 қалалық, 9 аудандық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп жатқан болса, соның ішінде қарқаралылық жастардың бәсекелік қабілеттілігі жоғары. Қашанда шоқтығы биік тұрады. Нақты айтқанда, жастар ресурстық орталығы «Қайнар» жастар сыйлығының иегері атанды. «Жастарға мейірімді мекен» деген республикалық жобасында 207 жастар орталықтарының ішінде тағы да үздік шыққан Қарқаралы жастар ресурстық орталығы. Жастардың осындай жетістікке жетуіне ықпал етіп, қолдау танытып отырған аудан басшыларының да еңбегі зор» деп атап өтті. Сонымен қатар, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жастар корпусын дамыту жобасы аясында еліміздің 4 облысында бірнеше жастардың шағын жобалары жүзеге асуда. Аталмыш жобаға Қарқаралы ауданы жастары арасынан 9 жоба 1 млн. теңгеге дейін әлеуметтік жобаны жүзеге асыру құқықтарына ие болды. Нәтижесінде бүгінде ауданның шағын футбол лигасы өз мәресіне жетті. Лига құрамына 16 команда, 110-нан аса футболшы кірді. «Үздік ойыншы» номинациясымен ойын барысында қарсыластарының қақпасына 18 рет гол соққан «Қарағайлы» командасының ойыншысы Сапар Аримбаев, «Үздік қорғаушы» номинациясымен «Жастар» командасының ойыншысы Мағжан Әбжан, «Үздік қақпашы» номинациясымен N40 өрт сөндіру бөлімі командасының қақпашысы, ардагер футболшы Нұрбек Жарқымбеков марапатталды. Шағын футболдан Қарқаралы ауданының Лигасында IV орынға ие болған Балқантау ауылдық округінің командасы 25000 теңге, ІІІ орынды N40 өрт сөндіру бөлімінің құрамасы 50000 теңге, күміс жүлдегер атанған «Жастар» командасы 75000 теңге, чемпион атанған Қарағайлы кентінің «Қасым Достары» командасы 100000 теңгенің сертификатына ие болды. Аудан жастарының жігерін жанып, мәртебесін үстем еткен жастар форумында, елге деген отаншылдық сезімі жоғары, бүгінде туған жерінің гүлденуі жолында қызмет жасап жүрген «Экоферма-Қарқаралы» шаруашылығының басшысы, жас кәсіпкер Жігер Кәрімұлы, Матақ ауылындағы N15 орта мектепте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында қызмет жасап жүрген Айман Қонысбаева, Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің студенті, ауданның еріктілер лигасының төрағасы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің волонтері Дәурен Рахымбек жастар үшін жасалып жатқан зор мүмкіндіктердің олар үшін биік белестерді бағындыруға негізгі кепіл екендігін жеткізді. Аудан жастары бас қосқан жиын концерттік бағдарламаға ұласты.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.